100%200%
Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Аудан әкімі мен ауылдық округ, ауыл әкімдерінің 2016 жылы атқарылған жұмыстары туралы есебі өтуде

    КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАЙДЫ

    Жақында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиевтің төрағалығымен кеңес отырысы өтті.  Кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан отырыста аудан әкімі Бақытжан Нүркенов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиевтер 2016 жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жылғы міндеттері жайлы кеңес мүшелеріне өз есептерін берді.

    Аудан әкімі мен қоғамдық кеңестің жыл ішінде атқарған жұмыстары аудандық газетте алдын-ала жарияланғандықтан аталған екі баяндамашы да өз есептерін ықшамдап жеткізді. Аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы 2016 жылы атқарылған жұмысты слайд арқылы баяндап, алдағы міндеттер жайлы да сөз етті. Ауданның 2017-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын Елбасымыздың жақында ғана жарияланған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен байланыстыра отырып жеткізді. Аудан әкімі өз есебінде әрбір ауылдық округтерде өткен жиындарда айтылған ұсыныс-пікірлер зерделеніп, басшылыққа алынатыны, ал кейбір мәселелерді шешу жергілікті әкімдерге тапсырылғанын атап өтті.

    Аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков өз есебінде жыл ішінде аудандық мәслихаттың 8 сессиясы өтіп, онда ауданның өзекті деген мәселелері қаралғанын айтты. Сондай-ақ тұрақты комиссиялардың 14 отырысы өткізіліп, онда 40-қа жуық мәселелер қаралған. Оның ішінде аудан бюджетіне өзгерістер енгізу, бюджеттің атқарылуы, елді-мекендердегі құрылыс, жол жөндеудің жағдайы, мәдениет үйлері мен кітапханалардың жай-күйі де халық қалаулылары назарынан тыс қалмаған.

    2016 жылы Қазақстан Президенті Жарлығына сәйкес 4 рет қайта сайлау өтіп, 7 ауылдық округ әкімдері сайланды. Ауданда жергілікті полиция қызметі ашылып, облыс әкімінің ұсынысына сәйкес жергілікті полиция қызметі басшысына депутаттар өз келісімдерін берді. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысына депутаттық сауал жолданып, оған тиісті жауап алынды. Жыл ішінде жеке тұлғалардан 1, заңды тұлғалардан 20 өтініш қабылданып, оларға өз мерзімінде жауаптар қайтарылған. Ал жеке қабылдауда 12 азамат болған.

    Аудандық қоғамдық кеңестің құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Елбасының «100 нақты қадамы» бойынша өмірге келген кеңес жыл ішінде біршама жұмыстар атқарды. Дәлірек айтқанда, жыл ішінде қоғамдық кеңестің 12 отырысы өтіп, онда 14 мәселе қаралған. Олардың арасында жергілікті полиция қызметі бастығы мен ауыл әкімінің есебі, аудандық бюджетке енгізілген өзгерістер заңдылығы мен игерілу барысы, кейбір елді мекендегі теріс көріністегі психологиялық ахуалдың жайы, халыққа қызмет көрсету мен әлеуетін жақсарту, денсаулыққа қатер тудыратын жайлардың алдын алу, Шу өзені суының қауіпсіздігі, тағы басқа бірнеше маңызды мәселелер бар. Қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиялары отырысында да өзекті деген 9 мәселе қаралып, ондағы айтылған ұсыныс-пікірлерді шешу тиісті орындарға ұсынылды. Аудан орталығындағы дүкендерде бөлке нан бағасы 85-95 теңгеге дейін көтерілгені де қоғамдық кеңес мүшелерін бей-жай қалдырмады. Нәтижесінде нан пісіретін наубайхана иелерімен келісімге келіп, төмен бағамен әлеуметтік нан пісіріп, сатуға келісімге келді. Бұл жерде аудан басшылары наубайханаларға арзандатылған ұн алдырып беріп, жағдай жасағанында айта кеткен жөн. Міне аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Б.Сатыбалдиев өз баяндамасында осындай атқарылған жұмыстарды айта келіп, кеңес мүшелерін алдағы уақытқа да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында бірлесе еңбек етуге шақырды.

    Отырыста аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері Жамбыл Қалыбаев, Жақсыгүл Даниярова еңбек ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары, Стамқұл Садырқұлов, Төлеген Әбдікерімов, Сағын Әміреевтер сөз алып, ауданда жыл ішінде көптеген жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етіп, аудан әкімі, аудандық мәслихаттың хатшысы, аудандық қоғамдық кеңес төрағасының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді. Сонымен бірге аудан орталығында ауыз судың тұрақты берілуі, бақша суының жаздық аптап ыстығында үзілмеуі, қоғамдық кеңеске бір заңгер штаты берілсе, Шу өзеніндегі шайылып кеткен су реттегіш тоспаның жағдайы, ауыл ішіндегі қалың қардың уақытылы тазаланбауы, аудан орталығында малдың қысы-жазы бей-берекет жүруі, мал бордақылау үшін алдымен жемшөп қорын жасау, суармалы егістікті көбейту, жеңілдетілген пайызбен несие алғандардың нәтижесін біліп отыру, ауданды газдандыру тәрізді мәселелерді көтерді.

     

    Аудан әкімі Б.Нүркенов көтерілген мәселелерге байланысты тиісті шаралар қолданылатыны жайлы айта келіп, оның кейбіріне сол жерде жауап берді.

     

     

     

    Әкім есеп берді. Ел не деді?

    ІЗДЕНІС ІЛГЕРІ БАСТЫРАДЫ

          Аудан әкімі Бақытжан Балтабекұлы Нүркеновтің аудан тұрғындары алдындағы қорытынды есебі осы аптаның дүйсенбісінде аудандық Мәдениет үйінде өтті. Оған ауданның елді мекендерінен жұртшылық көп жиналды. Осыған дейін ауылдық округтерде есеп берген аудан басшысы бұл кездесуінде 2016 жылы атқарылған шаруаларды тізбектеп,  слайд арқылы жатық тілмен баяндап берді. Әрбір саладағы атқарылған жұмыстарды Елбасымыз Н.Назарбаевтың күні кеше ғана Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы 5 басымдықпен байланыстыра отырып жеткізді. Аудан әкімінің есебінде айтылғандай өткен жылы 2015 жылмен салыстырғанда аудандағы барлық салада да ілгерілеушілік бары байқалып тұрды. Алдағы жылдары бұл жетістік жалғасын табатынына сенуге болады.

    -Аудан бойынша 2016 жылдың қорытындысымен экономикалық қызмет түрлері бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 39979,9 млн. теңгені (40,0 млрд)  құрады. 2016 жылы негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 5932,7 млн. теңгені құрап, 2015 жылдың деңгейінен 3201,3 млн. теңгеге артты,- деп бастады сөзін аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы.

    -Аудан бойынша 2016 жылы өндірілген өнім көлемі 30823,1 млн. теңгені құрады. Ақбақай филиалы 2016 жылы 1610 кг алтын, 304,0 кг күміс, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС 16118,5 млн. теңгеге 1340,7 мың тонна, Хантау цемент зауыты 2845,7 млн. теңгеге 271,0 мың тонна цемент өндірсе, «Көптас» ЖШС 47,0 млн. теңгеге 5193,1 тонна гранит өнімін өндірді. Ал «Мыңарал компаниясы» ЖШС (балық зауыты) 2016 жылы 155,1 млн. теңгеге 615,7 тонна балық өндірді. Мұнда 2015 жылмен салыстырғанда 432,4 тонна балық артық өндірілді. Аудан бойынша республикалық индустриалдық картасына (2010-2014 жж) енгізілген жалпы құны 52,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба қазіргі таңда жемісті жұмыс істеп келеді.

    Ауданда 2015 жылы аймақтық индустриалдық картасына жалпы сомасы 2542 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалар жоспарланып, аймақтық индустриалық картаға енгізілді. Олар «Казгранит» ЖШС-і, «Ер-ТАЙ» ЖШС-і, «Тенардит» ЖШС-і. Қазіргі кезде жоба иелері Қазақстан Республикасының инвестиция және даму министрлігінің жер қойнауын пайдалану бойынша департаментінен жер қойнауын пайдалануға рұқсат алуға өтініштерін берді, шешімі күтілуде,- деді ол. Сондай-ақ аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы Нүркенов ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы ақшалай көлемі 4198,7 млн. теңгені құрап, 110,1 пайызға орындалғанын атап өтті. 2016 жылы «Сыбаға» бағдарламасының жоспары 138,9, «Алтын асық» бағдарламасының жоспары 271,4, «Құлан» бағдарламасының жоспары 160 пайызға орындалды. Бүгінгі таңға «Мойынқұм Агро», «Агрофирма Мойынқұм откорм», «Агрофирма Түрікпен», «Мойынқұм асылтұқым» ЖШС-тері бойынша 79155, 84 га жер алып, 4479 бас мүйізді ірі қара, 1552 жылқы, 3160 бас қой малын әкеліп, өсіруде.

    2017-2018 жылдары 70 мал қорасы, 70 үй, аудан орталығынан кеңсе, малшылардың балаларына арналған интернат салынады деп жоспарлануда. Бүгінгі таңға 8 құдық тазаланып, 70 құдық қазуды межелеп отыр. « Агрофирма Мойынқұм откорм» ЖШС Кеңес ауылдық округі аймағынан 126 гектар жерге 20000 бас ірі қараны бордақылау алаңын 2017 жылы және 310 бас қой малын бордақылау алаңының құрылысын 2018 жылы бастауды жоспарлауда. Сондай-ақ аудан әкімі егін саласы бойынша тамшылатып суғару, жылыжай салу жайын айтып берді. Сонымен қатар аудан әкімі ветеринария, кәсіпкерлік, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс, фитосанитария, ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау, ауыз суы, егін сулары, қылмысқа қарсы күрес, аудан бюджетінің кірістері бойынша қол жеткен жетістіктерді, көпір, дамбы, қысқы жылыту маусымы, автомобиль жолдарының жөнделуі, жолаушыларды тасымалдау, сыбайлас жемқорлық, діни ахуал, жастар саясаты жайлы кеңінен баяндап берді. Сондай-ақ ол атқарылуы ағымдағы жылдың еншісіне тиіп отырған тірліктер жайында тізбелеп, жиынға қатысушылардың назарына ұсынды.

    Жиынға қатысушылар әкім есебін жылы қабылдады. Жиын барысында аудан әкіміне еркін микрофон арқылы және  жазбаша сауалдар көп қойылды. Аудан тұрғындарын ауыл іргесіндегі шабындық жерін бөлу, көшелерді жарықтандыру, асфальттау, «Балапан» балабақшасына жаздық беседка салу, Ұланбел-Сарыөзек аралығындағы және Сарыөзек, Қарабөгет ауылдарының кіре беріс жолын жөндеу, аудандық Мәдениет үйіне Д.Қонаевтың есімін беру сияқты мәселелер толғандырады екен. Сауал қойған тұрғындар аудан әкімінің есебін оң бағалады. Аудан басшысы қойылған сауалдарға нақты жауап берді.

    Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары Тимур Амантайұлы Жанке қатысып, сөз сөйледі.

     

     

     

     

    ОРТАҚ ІС, ОҢДЫ НӘТИЖЕ

          Аудан әкімі Бақытжан Нүркеновтің 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл, ауылдық округ халқы алдындағы есеп беру кездесулері өткен аптада Мойынқұм ауылында аяқталды. Аудандық Мәдениет үйінде өткен есеп беру жиынына округ халқы көп жиналғанын айта кеткен жөн. Онда алдымен Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Темірбек Көпбаев жыл ішінде атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Ауданның басқа округтеріне қарағанда мұнда аудан орталығы болғандықтан атқарылған жұмыс көлемі де ауқымды болды. Ауылдағы жолдардың жөнделуі, орталық аурухана, білім ошақтарының ағымдағы, күрделі жөндеулерден өтуі, жаяу жүргіншілер жолының салынуы, Керей мен Жәнібек хандарға үлкен ескерткіштің орнатылуы, ауыл ішінде маршруттық автобустың жүруі, көшелердің жарықтандырылуы, ауылдың тазалығы мен көгеріштендіріліп, көріктендірілуі, әртүрлі деңгейде өткен іс-шаралар, тағы басқа жүзеге асқан жүйелі жұмыстарға округ халқы ризашылықтарын білдіріп отыр. Онымен қоса округтегі мал басы төрт түліктен де өсе түсіп, шағын кәсіпкерлікті дамыту ісі кең қанат жайып келеді.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов өз есебін алдын –ала даярлаған слайд арқылы ауданның жыл ішінде қол жеткен жетістіктерін әрбір сала бойынша айтып берді. Ауданда қай салада болмасын 2015 жылмен салыстырғанда былтыр едәуір табыстарға қол жетіп, алға ілгерілеушіліктің бары байқалды. Әсіресе, өнеркәсіп саласындағы жетістіктерді ерекше атап өткен жөн.

    Аудан басшысы 2016 жылғы жетістіктермен қатар ауданның 2017-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытын өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және елді мекендерді абаттандыру мен көріктендіру бойынша 4 блокқа бөліп, слайд арқылы айтып берді. Осы жерде Мойынқұм ауылдық округінде жыл ішінде көп жұмыстардың атқарылғанын айта келіп, алдағы жылдары істелуі қажетті жұмыстарға да тоқталды. Сондай-ақ аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы Елбасымыз Н.Назарбаевтың мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңыздылығына тоқталып, онда алға қойылған міндеттердің орындалуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында нақты көрініс тауып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы қол жеткен жетістіктермен бірге әліде болса күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелерге де тоқталып, оны шешу жолдары жайлы да айтып өтті. Осы жерде аудан әкімі округ әкімі Т.Көпбаевқа ауылда жылыжай соғу, егістікке тамшылатып суғаруды енгізу, сүт танкері жұмысын жүргізу,  мал бордақылау алаңын соғу, сүт өңдеу цехын ашу, ауыл ішінде маршруттық автобус үшін аялдамалар соғу тәрізді жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен бірге аудан әкімшілігі алдындағы субұрқақты (фонтан) іске қосатын уақыттың жеткені жайлы айта келіп, аудандық Мәдениет үйі алдындағы екі субұрқақты да пайдалану керектігі айтылды.

    Жиынға қатысушылар тарапынан А.Назарбеков көшесінің екінші бөлігіндегі жолды жөндеу, қаңғыбас иттерді жою, бұрынғы 5 этаж тұрғындарының құжаттарын заңдастыру, осы төңіректегі электр тоғы сымдарын реттеу, балаларға демалып ойнайтын саябақ соғу тәрізді қойылған сұрақтарға ауыл, аудан әкімдері жауап берді.

    Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев пен ауыл тұрғыны Бақыт Пралиев сөз алып, өткен жылы ауылда да, ауданда да көп жұмыстардың атқарылғаны, аудан орталығының жыл өткен сайын ажарланып келе жатқанын тілге тиек етіп, аудан, ауыл әкімдерінің есебіне оң баға берді. Алайда ауылдағы 20-ға жуық көшеде электр шамдарының жанбайтындығы, ауыз судың аз берілуі, пошта мекемесіндегі банкоматты сыртқа шығару, Халыққа қызмет көрсету орталығындағы кассаның жұмысын үш сағатқа ұзарту тәрізді ұсыныстарын айтты.

     

     

     

    АУЫЗ СУ ЖАЙЫ АЛАҢДАТАДЫ

    Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектепте өткен есеп беру жиынында алдымен Қылышбай ауылдық округінің әкімі Қызыр Елеусізов 2016 жылы ауылда атқарылған жұмыстарды баяндады.

    Аудан әкімі Бақытжан Нүркенов өз есебінде халық алдында жыл ішінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар, алдағы жылдары атқарылатын міндеттерді слайд арқылы айтып берді.  Сонымен қатар, Елбасымыздың биылғы жылы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы 5 басымдыққа тоқтала кетті. Оның ішінде аудан әкімі әр басымдыққа жеке-жеке тоқталып, ара-жігін ажыратып, тұрғындарға жіті түсіндірді.

    Жиында ауыл тұрғыны, зейнеткер О.Жолдыбаев ауылдағы 11 көшені жөндеуге бөлінген қаржы қайда кеткенін ауыл әкімінен түсіндіріп беруін сұрады. Сағадат Әлмаханов мемлекеттен несие алып, автокөлік жөндеу шеберханасын ашуға ниетін білдірді. Оның сұранысын аудан әкімі кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Халима Исабаеваға тапсырды. Қалибек Көшкімбаев жол жиегін жыңғыл, шеңгел, жиделерден тазаласа деген ұсынысын айтты.

    Ауылда ең басты мәселе ауыз су тапшылығы, егін суы туралы халық өз уәждерін жеткізді. Осы мәселеге байланысты аудан әкімі Б.Нүркенов ауыл әкіміне осы турасында Алматы қаласындағы ащы суды тұщытатын қондырғылардың және су қоймасын жөндейтін жеке фирмаларға барып, барлығы қанша шығын шығатынын есептеп шығарып беруін тапсырды.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов ауылға жылыжай соғу  және мал бордақылау алаңы мен қасапхана соғуды ұйымдастыру туралы ауыл әкімі Қ.Елеусізовке нақты тапсырма берді.

    Есеп беру жиыны соңында ауыл ақсақалы Әділ Мұртазаев ауыл, аудан әкімдерінің есебіне оң баға беріп, ақ батасын берді.

     

    Екі ауылда өткен округ, аудан әкімдерінің халықпен кездесу жиындарына аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары қатысып, өздеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

     

     

    ҰСЫНЫС ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 5 ақпанындағы №198 «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына орай аудан, ауылдық округ әкімдерінің бір жылда атқарылған есептері ауданымыздың барлық аймақтарында жалғасын табуда.

    Аудан, ауылдық округ әкімдерінің есепті баяндамалары аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде алдын-ала жарияланғандықтан Абай атындағы орта мектепте өткен есеп беру жиынында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ахат Қанатов жыл ішінде атқарған жұмысын қысқаша баяндады. Ал, аудан әкімі Бақытжан Нүркенов өз есебінде халық алдында жыл ішінде аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы міндеттерді слайд арқылы баяндап берді.  Сонымен қатар, Елбасымыздың Жолдауын халыққа жан-жақты жеткізе білді.

    Аудан әкімі өткен жылдан игерілмей қалған ауыл есебінде тұрған бюджеттен бөлінген қаржының есебін сұрап, білді. Ауыл әкімі өз тарапынан ол қаржының неліктен игерілмей қалғанын түсіндіріп, келесі жылға кіреберіс жолды жарықтандыруға жұмсалатынын айтты.

    Ауыл тұрғындары А.Қанатовқа өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.

    Ауыл қариясы Қойайдар Бердіғұлов ауыл айналасындағы тоғанды тазалау керек екенін, ал Бердіғұл Бласов жыл сайын картоп егіп, одан тұрақты өнім алып отыратынын айта келіп, ендігі мәселе сол ауылдағы егістік пен мал жайылатын жерлердің қоршалмағанын сөз етті.

    Амангелді Базарбаев Шотай Тайбағаров пен Жазылбек Қуанышбаевтардың төсбелгілері жасалса, қариялар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік арзандатылған дүкен ашылса, жол бойына қазақша мақал-мәтелдер жазылған билбордтар ілінсе деген ұсыныстарын жазбаша түрде жеткізді. Ауыл тұрғыны, зейнеткер Пернекүл Мұстафаева округ, аудан әкімдерінің есептеріне қанағаттанарлық деген баға беріп, жастарға өз кәсібін ашуға мемлекеттен несие берілсе деген  ойын жеткізді.

    Жиын соңында аудан әкімі Б.Нүркенов округ әкімі А.Қанатовқа жылыжай соғу және ауылға тамшылатып суғару технологиясын енгізу туралы нақты тапсырмалар берді.

     

     

     

     

    МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ

    Ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімінің 2016 жылдың қорытындысы бойынша атқарған жұмыстары туралы халық алдындағы есебі сәрсенбі күні Қызылтал ауылдық округінде жалғасты. Б.Момышұлы атындағы орта мектепте өткен есеп беру кездесуіне халық көп жиналды. Олардың арасында А.Назарбеков атындағы ауыл халқының өкілдері де болды.

    Кездесуде алдымен округ әкімі Бағдат Наурызбаев жыл ішінде атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Ол өзінің ұзақ жылдардағы тәжірибесіне сүйене отырып, ұзақ-сонар баяндамасын оқымай, тек атқарылған жұмыс, өткен іс-шара, сондай-ақ биылғы жылға жоспарланып отырған жұмыстарды баяндады.

    Аудан әкімі Бақытжан Нүркеновте өз баяндамасының тезисі аудандық газетте алдын-ала жарияланғандықтан жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қысқаша слайд арқылы айтып, жеткізді. Ауданда  барлық  салада 2015  жылмен  салыстырмалы түрде  айтқанда  біршама  ілгерілеушіліктің  бары байқалады. Аудан басшысы  өз  есебімен  бірге  2017-2020  жылдарға арналған  ауданның  әлеуметтік- экономикалық даму бағыттары жайлы  да алдын-ала даярланған слайд арқылы кеңінен баяндады. 4 блокқа бөлінген бағыттағы ауданда әліде болса игерілетін бірнеше  кен орындарының барлығына халықтың көзі жетті. Сондай-ақ аудан әкімінің ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салалары, елді-мекендерді абаттандыру мен көріктендірудің жолдары жайлы айтқандары да халықтың көңілінен шықты. Басты мақсат – жұмыс орындарын көптеп ашып, халықтың жағдайын жақсарту.

    Аудан әкімі Бақытжан Балтабекұлы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының кейбір тұстарына да тоқтала кетіп, оны жүзеге асыру жолдары жайлы өз пікірін білдірді.

    Кездесуде округ тұрғындары Әскербек Нұрмайылов, Әлібек Әлімбаев, Сайн Жұмабаев, Дүзелбай Бекбосынов, Манарбек Смағұловтар округ, аудан әкімдерінің есептеріне оң бағаларын бере келе Көкжелек ауылындағы клубты жөндеуге көмек беру, егіс суының су тоспаларын жөндеу, күзгі суды тиімді пайдалану, жайылымды ретке келтіру, Бекқұлы би көшесін жөндеу, жарықтандыру, Көкжелек ауылына кіші футбол алаңын соғу тәрізді мәселелерді көтерді.

    Аудан басшысы Б.Нүркенов қойылған сұрақтарға жауап бере келіп, округ әкімі Б.Наурызбаевқа егіс суына қатысты тоспаны жөндеп, Көкжелек ауылынан жылыжай, мал бордақылау алаңын соғуды, ал А.Назарбеков ауылында жылыжай соғып, егістікке тамшылатып суғаруды енгізуді ұйымдастыруды тапсырды.

     

     

     

                                                               ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ – ӨМІР ТАЛАБЫ

    Өткен сәрсенбі күні түс қайта Күшаман ауылындағы округ, аудан әкімінің  халық алдындағы есебі Амангелді атындағы орта мектепте жалғасты. Мұнда  да халық жиынға көп жиналды. Онда алдымен округ әкімі Асхат Сарышөкен, содан соң аудан басшысы Бақытжан Нүркенов 2016 жылы атқарылған жұмыстар туралы байыпты баяндама жасады. Аудан әкімі Б.Нүркенов мұнда да ауданның жыл ішінде өсіп-өркендеуін, әлеуметтік-экономикалық дамуын слайд арқылы баяндады. Алдағы жылдары атқарылатын жұмыстарға да тоқтала келіп, Елбасымыз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бес бағытына тоқталды. Округте мал шаруашылығымен бірге егіс көлемін  ұлғайтып, кәсіпкерлікті жандандыру қажеттігі сөз болды. Осы жерде озық технологияларды жүзеге асыру қажеттігі баса айтылды. Аудан басшысы округ әкімі А.Сарышөкенге ауылда егістікке тамшылатып суғаруды енгізу, үйде мал бордақылау алаңын соғу, ауылда Елбасы Жолдауында аталып өткендей отбасылық кәсіпкерлікті қолға алуды тапсырды. Округ әкімдері күнделікті тіршілікпен тоқтап қалмай, ауылда жұмыс орындарын көптеп ашуға жұмыс істеуі қажет екенін ескертіп, олардың жұмысы осымен бағаланатынын қадап айтты.

    -Ауданда жыл ішінде талай жұмыстардың атқарылғанын естіп, қуанып отырмыз. Алға қойып отырған мақсатта түсінікті. Елбасы Жолдауынан да хабардар болдық. Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала. Оны ұмытуға болмайды. Ауыл халқы еңбекқор. Алайда егіс суының жетіспеуі кейде қолды байлайды. Біздің «Күшаман» тоғанының су реттегішін жөндеуге көмек керек, сонда егіс көлемін ұлғайтып, жермен тұрақты жұмыс істеуге ынта артатын болады. Содан соң ауылдағы Тоқбаев көшесі жөнделіп, жарықтандырылса. Шаруа қожалықтары бірігіп жатса, менде кооперативтің құжаттары дайын. Ауыл, аудан әкімдерінің есебіне қанағаттанарлық деген баға беремін,- деді ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Бабақұл Қарсыбеков.

    Жиында ауыл тұрғындары Жақсыгелді Ақбердиев, Амангелді Тұрлымбетов, Асан Керімбаев, Мейірбек Шынжарбековтер ауылдың әлеуметтік мәселелері, өз мекемелеріндегі орын алған кемшіліктер жайлы айта келіп, оның шешілуіне көмек беруді сұранды. Қойылған сұрақтарға аудан әкімі Б.Нүркенов жауап беріп, кейбір мәселелерді шешуді округ әкімі мен аудандық білім бөлімі басшылығына тапсырды.

    Екі ауылда өткен жиындарға аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудандық мәслихаттың депутаты Еркебұлан Абасов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары қатысып, өздеріне байланысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

                                                                       

     

    АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ  – АСЫРАУШЫ САЛА

    ТОЛЫМДЫ ІСТЕР ТАБЫСҚА БАСТАЙДЫ

          Апта басында аудан әкімі мен Кеңес ауылы әкімінің 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі халық алдында тыңдалды. Онда Әділет Мұқашев бір жылда округ бойынша атқарылған жұмыстарды айтып, баяндама жасаса, аудан әкімі Бақытжан Нүркенов аудан бойынша атқарылған жұмыстарды қамтитын бір жылдық есебін берді. Есепті баяндамасында Б.Нүркенов Кеңес орта мектебінің мәжіліс залында барлық ауқымды атқарылған жұмыстарды слайд арқылы көрсетіп, ауданымызға тиімді экономикалық және аграрлық салалардың жеңілдіктерін пайдалану арқылы өсіп-өркендеудің жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы 5 басымдық туралы айтып өтті.

    Жиында ауыл тұрғындары М.Тағыбаева, Б.Расилов, Н.Алдабергенов, Ж.Рысқұлбекова, Ә.Әбітаевтар аудан әкімі мен ауыл әкімінің есептеріне қанағаттанарлық деген баға беріп, ауылға бір комбайн алу, клуб соғылса, газет таратушы штаты берілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ ауыл маңындағы тоғандарды тазалау жағы да сөз болды.

    Халықтың ұсыныс-пікірлерін ескерген аудан әкімі ауыл халқына 2017 жылдан бастап республикалық мәндегі үлкен жолдың жөнделетіндігін айтып, сүйіншіледі. Тараз-Астана үлкен тас жолы Кеңес ауылының маңынан өтіп, енді қалаға қатынайтын жолдың жақсаратынына халық разы болды.

     

     

    КЕШЕГІ ТАЛАП БҮГІНГЕ ӨЛШЕМ ЕМЕС

          Бірлік ауылы халқының алдында аудан, ауыл әкімдері Б.Нүркенов пен Т.Мұсақұлов өз есепті баяндамаларын барынша түсінікті етіп, бір жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Желтоқсан клубында өткен есепті жиынға ауыл халқы көп жиналды.

    Онда аудан әкімі Бақытжан Балтабекұлы мал шаруашылығы, әлеуметтік саладағы мәселелер, мәдениет, денсаулық, білім қоғамдық тәртіп, жастар саясаты бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ  аудан басшысы барлық округ әкімдеріне өз ауылдарында жылыжай салуға баса  назар аударып, оның тиімді  жолдарын слайд арқылы көрсетіп, бірнеше жобаны ұсынды. Сонымен қатар алдағы уақытта әр ауыл әкімдерінің жұмыстары жұмыс жасаумен емес халықты жұмыспен қамтуы арқылы бағаланатынын ескертті.

    Есепті жиында ауыл тұрғындары З.Әбілқасымов, О.Нұрлыбаев, Б.Берімқұлов, А.Молдабаев, Б.Толыбаев, А.Әшімовтер сөз алып, ауылға ет және сүт комбинатын орнату, ауыл ішіндегі Биназар көшесін жөндеп, жарықтандыру, А.Баданова көшесін тегістеу, «Оразалы» тоғанын жекеменшіктен мемлекетке өткіздіру, аудандық «Мойынқұм таңы» газетіне аудан ұстаздарының мақалаларын көптеп шығару  сынды ұсыныстар айтты. Ауыл тұрғындарының ұсыныстары назарға алынып, тиісті жауаптар қайтарылды.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов биыл ауылға кіре беріс көше жөнделетіндігін айтып,  Елбасы Жолдауындағы 5 басымдыққа кеңінен тоқталды.

     

     

    АУЫЛДЫҢ АХУАЛЫ ЖАҚСАРА БЕРЕДІ

         Биназар ауылдық округіндегі әкімдердің халық  алдында есеп беру жиыны О.Жандосов атындағы орта мектепте өтті.

    Алғашқы сөзді Биназар ауылының әкімі Нұралы Әбдікерімов алып, 2016 жылы барлық атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталды. Ал аудан басшысы Бақытжан Нүркенов ауданның басқа да ауылдарында өткендей өз есебін слайд арқылы көрсетіп, халыққа кәсіпкерлікпен айналысуды, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жағын баса айтты. Сондай-ақ аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы аудан бойынша өткен жылы қол жеткен жетістіктерге тоқталып, әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты айтып өтті.

    Есепті кездесуде А.Зенәділова, Қ. Шажалиев, Қ.Төртбаев, Б.Макушев, Б.Әбішев, Н.Тайлақбаевтар аудан, ауыл әкімдерінің атқарған жұмыстарына қанағаттанарлық деген баға беріп, ауыл маңынан өтетін екі тоғанның су жүру жүйелерін жөндеуді, О.Жандосов атындағы орта мектебінде еңбек пәні сабағы ашылып, оған тиісті құрал-жабдықтар алуды сұранды.

    Жоғарыда аталған үш округте өткен аудан әкімінің есепті кездесулеріне облыс әкімі аппаратының ішкі аудит бөлімінің бас инспекторы Бақытжан Байғараев, аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары қатысты.

     

     

     

    ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН ӨҢІР

           Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 5- ақпанындағы №198 «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына орай аудан, ауылдық округ әкімдерінің бір жыл аралығында атқарған есептері өндірістік аймақтағы Ақсүйек, Мыңарал, Шығанақ, Ақбақай, Мирный, Хантау ауылдарында жалғасын тапты.

    Аудан, ауылдық округ әкімдерінің есепті баяндамалары аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде алдын ала жарияланғандықтан есеп беру жиындарында ұзақ-сонар баяндама жасалмады. Екі күнде өндірістік аймақтағы ауылдарда алдымен округ әкімдері 2016 жылы округтерде атқарылған жұмыстар жайлы кеңінен айтып, алдағы міндеттерге тоқталды. Ал аудан әкімі Бақытжан Балтабекұлы Нүркенов жыл ішінде аудан көлемінде атқарылған ауқымды істерді, ағымдағы жылы атқарылуы жоспарланған жұмыстарды слайд арқылы кеңінен баяндап берді. Үкіметтің үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген «Алтын алмас» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-і, Хантау цемент зауыты, «Мыңарал компаниясы» ЖШС-і өз жоспарларын артығымен орындады. Аталған өндіріс орындарында бірқатар мойынқұмдықтар еңбек етуде. 2015-2016 жылдары аймақтық индустриалдық картасына жалпы сомасы 2542 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізілді. Бұл Мирный ауылының «Шолпан» стансасында жобалық құны 200,0 млн. теңгені құрайтын брусчатка мен гранит блоктарын шығаратын «Казгранит» ЖШС-і, Ақсүйек ауылындағы жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайтын жылдық қуаты 18,0 мың тонна мырыш пен қорғасын өндіретін «Ер-тай» ЖШС-і, Мыңарал ауылдық округіндегі Қашқантеңіз ауылында орналасатын жобалық құны 890,0 млн. теңге тұратын, жылдық қуаты 5,0 мың тонна тауарлық сульфат натрий және 20,0 мың тонна иодталған тұз шығаратын «Тенардит» ЖШС-і. Бұл жобалар 2017-2019 жылдары іске қосылады деп күтілуде. Ал Мирный ауылындағы «Оргстрой» ЖШС-і гранитті өндіру мақсатында жаңа инновациялық технологияларды пайдалану тәсілдерін қолдануды жүзеге асыру жобасын ұсынып отыр. Осы жобалар іс жүзіне асырылғанда жүздеген жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда.

    Аудан басшысы өндірістік аймақтағы мал шаруашылығы, әлеуметтік саладағы мәселелер, білім, мәдениет, денсаулық салалары, қоғамдық тәртіпті нығайту, жастар саясатын өркендету бойынша да жүзеге асырылған ауқымды істерді де айтып өтті. Сондай-ақ ол ағымдағы жылы барлық ауылдық округ әкімдері өз ауылдарында жылыжай салуды қолға алу қажеттігіне баса назар аударып, оған слайд арқылы бірнеше жобаны ұсынды және де әр ауыл әкімінің жұмысы осы жылыжай салумен бағаланатынын ескертті. Аудан басшысы Б.Нүркенов есеп беру жиындарында Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2017 жылы халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

     

    МАҚСАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ

          Ақсүйек ауылында өткен ауыл, аудан әкімдерінің есебіне халық көп жиналды. Мұнда алдымен ауылдық округ әкімі Е.Нұрланов 2016 жылы әкімдік тарапынан атқарылған істерді қамтыған баяндама жасады. Содан соң аудан әкімі Б.Нүркенов өткен жылы ауданда атқарылған ауқымды істерге кеңінен тоқталып, 2017 жылға жоспарланған жұмыстарды айтып өтті. Жиынға қатысушылар өздерін мазалап жүрген түрлі сұрақтарын қойып, оған нақты жауап алды. Мәселен, ауыл тұрғындары Л.Мамонтова, И.Рябина, Н.Абрамова, Т.Корнеева, Н.Гагеевская, И.Рахманов, Г.Заруцская, Л.Вологжанина, М.Думанов, Л.Курачева, А.Бобсулкалар тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету, ауыл ішінде шамадан тыс мал ұстауға шектеу қою, мәдениет үйі жанынан ойын алаңын салу, спорт залды, кітапхананы жөндеу, күз айында қатты желдің салдарынан қираған үйлерге көмек көрсету, «Сказка» балабақшасының шатырын жаңалау, заңдастырылмаған үйлерді заңдастыру, құрылыс материалдарын арзан бағаға сату, аудандық ауруханада белгілі бір күнге дәрігерлердің қабылдауын ұйымдастыру, мектепке интерактивті тақта орнату сияқты мәселелерді көтеріп, сауалдарына тұшымды жауап алды.

     

    ІЗДЕНІС     ІЛГЕРІ   БАСТЫРАДЫ

         Мыңарал орта мектебінде өткен есеп беру жиынында ауылдық округ әкімі З.Камиева, аудан әкімі Б.Нүркенов өз есептерін берген соң ауыл тұрғындары өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындары М.Оралова, Т.Аманжолов,  ауданның Құрметті азаматтары Т.Қашқымбеков, А.Қожымовтар теміржол үстіне көпір салу, «Астана-Сарыағаш» жолаушылар пойызының  стансаға аялдауына ықпал ету, қаңғыбас иттерді ату ұйымдастырылса, Қашқантеңіз-Мыңарал- Мойынқұм ауылдары арасына аптасына бір рет жолаушыларды тасымалдау қолға алынса, стансадағы  «Нұрай» балабақшасы жөнделсе, екі ауылдағы мектептерде жетіспейтін ағылшын тілі мен математика пәні мұғалімдері тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, жарықтандырылған көшелердегі электр шамдарының жануы қадағаланса, ауылға «Мөлдір» мекемесі арқылы бір электрик бірлігі берілсе, балық зауытынан шығатын жағымсыз  иісті жою жолдары қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.

     

     

    ШЫҒАНАҚТЫҚТАРДЫҢ  ДА АЙТАРЫ БАР

         Өндірістік аймақтағы ірі елді-мекен Шығанақ ауылында өткен жиында округ әкімінің міндетін атқарушы В.Жүнісова мен аудан әкімі Б.Нүркеновтің есептерін ауыл тұрғындары зор ықыласпен тыңдады. Есептен соң ауыл тұрғындары Н.Волкова, О.Шушакова, Н.Агафанова, Л.Вергулец, Ж.Бейсенбаев, С.Әбдірахмановалар ауылдық дәрігерлік амбулаторияда қажетті дәрі-дәрмектің жетіспейтіндігін, жағалауда қоныстанған отбасылардың балаларын мектепке тасу тоқтағанын, жастардың өнер, спортпен айналысатын орнының жоқтығын, жаздық спорт алаңы салынса, ауылдағы пошта бөлімшесіне пошта тасушыға бір бірлік штат берілсе, нотариус қызметі, ауыл тұрғындарының күл-қоқысын уақтылы шығару ұйымдастырылса деген ұсыныстарын айтты. Ал ауданның Құрметті азаматы Е.Оспанқұлов, аудандық мәслихаттың депутаты С.Молдабаев, жеке кәсіпкер Т.Сәбитов, «Қуаныш» балабақшасының меңгерушісі Г.Қамысбековалар ауыл сыртындағы қорымды қоршау, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары қабылдау сипатындағы ашық есік күнін өткізсе, аудандық өрт сөндіру бөлімінің ауылдық бөлімшесі ашылса, ауыл сыртында орналасқан биік төбеге үлкен цистерна қойып, су жетпейтін көшелерге ауыз суды жеткізу ойластырылса, халыққа қызмет көрсету орталығын интернет жүйесіне қосу жеделдетілсе, қоғамдық монша салынса, ауылдағы жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетілсе деген ұсыныс-тілектерін жеткізді.

    Жиын барысында тұрғындар сауалына аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Әйтішев, аудандық пошта торабының бастығы Ә.Қалығұлов жауап берді.

     

    АҚБАҚАЙЛЫҚТАР «АЛТЫН АЛМАСТАН» КӨМЕК КҮТЕДІ

          Еліміз бойынша алтын өндіретін ірі кен орны Ақбақай ауылы бүгінде дамудың шарықтау шегіне жеткен сияқты. Бір кездері атағы алысқа кеткен кеншілер ауылының тұрғындары мазасыз күй кешкелі біраз жылдың жүзі болды. Ауыл, аудан әкімдерінің есебі Ақбақай мектебінің мәжіліс залында өтті. Мұнда ауыл тұрмысына бей-жай қарамайтын ауыл тұрғындары көп жиналды. Есеп беру жиынын ауыл әкімі Ә.Әбдіразақов ашып, ауыл әкімінің өткен жылы атқарған жұмыстары жайында баяндама жасады. Баяндамада бір жыл аралығында тындырылған шаруалар мен орындалу кезегін күткен жұмыстар да айтылды. Содан соң аудан әкімі Б.Нүркенов «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының» 2016 жылғы қорытындысы туралы» кеңінен саралаған, алдағы кезде атқарылуын күткен өзекті де келелі міндеттерге тоқталған баяндама жасады. Есепті баяндамадан соң ауыл тұрғындары Г.Болысбекова, А.Алпысбаева, Ж.Үйсінбаевтар «Алтын алмас» акционерлік қоғамы Ақбақай филиалының басшылығы түрлі сылтауларды алдыға тартып, жергілікті азаматтарды жұмысқа алуға құлықсыз екендігін, олардың есебіндегі 1002 жұмысшы-қызметкердің 860-ы мойынқұмдықтар деуі шындыққа жанаспайтындығын ашына жеткізді. Ал олардың сауалдарына жиынға қатысып отырған Ақбақай филиалының бас кеншісі Ержан Исақов мардымды жауап бере алмады.

    Жиын барысында  ауыл тұрғындарының жанайқайын филиал басшылығының қатысуымен ақпан айында қайта тыңдау жиынын өткізу ұйғарылды.

    Жиында ауыл тұрғыны М.Жақасбаев шағын кәсіп ашу үшін жер алуға көмек сұраса, Жұмахан Тапашев  ауылдағы азғана ірі қараның біразы фабрика төккен цианидтен қырылғанын алдыға тартып, оның құнын кімнен дауларын білмей отырғанын айтты. Ауыл тұрғындары Б. Баутаев, С.Кәшекова. М.Рахметовалар ауыл, аудан әкімдерінің жыл аралығында атқарған жұмыстарына оң баға берді.

    МИРНЫЙЛЫҚТАР  НЕГЕ  МАЗАСЫЗДАНАДЫ?

          Мирный ауылы әкімдігінің мәжіліс  залында өткен ауыл, аудан әкімдерінің есеп беру жиынына да халық көп жиналды. Мұнда алдымен ауыл әкімі Ғ.Тілешев, содан соң аудан әкімі Б.Нүркенов 2016 жылы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Есептен соң ауыл тұрғындары Л.Тринога, Т.Тайшеева, Т.Үкітаев, М.Плешакова, А.Шафеева, Г.Малиновская, Б.Сүйкімбековтер жыл ішінде ауылда көптеген шаруалардың істелгенін тілге тиек етті. Әсіресе, мирныйлықтардың  бас ауруына айналған бұзылған үйлердің орнындағы қоқыстың біразы шығарылғанын, көшелерге жарықтың орнатылғанын, Қияқты-Мирный автожолының салынғанына ризашылықтарын білдірді және олар аудан басшысына ауылдағы бос пәтерлерді жалға алып, сонда тұрақ жасап алған 20 шақты 25 тонналық жүк көліктерінің Қияқты стансасына руда тасып, жөнделуін 30 жылдан аса күткен Мирный-Қияқты автожолын тасталқан етеді-ау деп қауіптенетіндерін жасырмай жеткізді. Осы орайда аудан әкімі Б.Нүркенов осы мәселе Ұланбел ауылынан бастау алып, ақбақалайлықтарды да мазалап отырғанын, олар тасымалдаған руда ауданның кен байлығы екенін, оны қазумен, тасымалдаумен айналысып отырған кәсіпорынның ауданда тіркелмегенін, бұл жайында облыс басшылығына хабарланғанын айтып, жиын үстінде кен тасымалдаумен айналысып жатқан «Ақсұңқар» ЖШС-нің өкілі Серік Абулхановқа кен тасымалдау жұмыстары қолданыстағы  заң талаптарын мүлтіксіз орындағанша тоқтатылатынын, бұл жөнінде салық, ішкі істер органдарына арнайы тапсырма берілгендігін ескертті.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов аудан әкімдігі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Есдәулетовке ауылдағы бір көшені, В.Н.Терешкова атындағы орта мектептің қоршауын жөндеуге сметалық құжатын жасауды, ал мирныйлық танымал геолог, марқұм Евгений Демьянович Альперович   Ланданың ұзақ жылғы геологиялық барлау еңбектеріне талдау жасап, геологиялық барлау картасын жасауды, оған мүдделі кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастыруды аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қ.Исабаеваға тапсырды.

    ХАНТАУЛЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ЖАЙЫН КІМ ОЙЛАЙДЫ?

          Хантау ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде өткен есеп беру жиынында округ әкімі М.Әбдікермов өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Аудан әкімі Б.Нүркенов 2016 жылы аудан көлемінде тындырылған істерге тоқталып, болашақта атқарылатын шаруаларды баяндап берді.

    Жиын барысында 20 шақты ауыл тұрғыны өздерінің өзегін жарып, ауыл, аудан басшыларына міндетті түрде айтуым керек деген түйіткілді сауал-пікірлерін төтесінен қойды. Әсіресе, жастар жағы ерекше белсенділік танытып, ел ағаларының  атқарған жұмыстарына көңілдері толмайтынын жасырмай жеткізді. Тіпті ауыл іргесіне қоныс тепкен цемент зауытының басшылығына да біраз сындар айтып, өкпе наздарын білдірді.

    Жиында сөйлегендер балабақша салу, ауыз су сапасының нашарлығы, ауылдың кіреберісіне арка орнату, орнатылған жарық шамдарының уақытылы жанбайтындығы, бір шақырымдай  кіре беріс жолға салынған асфальттың сапасыздығы, күл-қоқыс төгетін полигон ашу, теміржолдың арғы бетіндегі жолды жөндеу, цемент зауытына хантаулықтарды орналастыру, көшелерді жарықтандыру, Ұлы Отан соғысының құрбандарына орнатылған ескерткіш-обелискінің орнын ауыстыру, үлкен автожолдың қапталына төгілген зауыттың қоқыстарынан арылу, ауыл жастарына мәдени, спорттық үйірме, секциялар ашу, балалар дәрігерінің ай сайын келіп қабылдауы, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу, жедел жәрдем көлігінің жұмыс тәртібі, талантты жастарға қолдау көрсету жайын бүкпесіз ортаға салып, ұсынылған ой-пікірлер жедел шешілсе деген тілектерін жеткізді. Сөйлеушілерді мұқият тыңдаған аудан әкімі Б.Нүркенов көптеген сауалдарға нақты жауап беріп, кейбіреуін өзінің бақылауына алатындығын, ауыл әкіміне цемент зауыты  басшылығының ауыл тұрғындарымен кездесуді ұзатпай (ақпан айының ішінде) ұйымдастыруды тапсырды.

    Ауылдық округтерде өткен жиындарда айтылған ұсыныстарды ескере отырып, тиісті қаулылар қабылданды. Алты ауылдық округте өткен есеп беру жиындарына аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков, мәслихат депутаттары Т.Кәрібаева, С.Молдабаев, Қ.Түйешиева, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары қатысып, өз салалары бойынша қойылған сауалдарға жауап берді.

     

     

     

    ЖАҚСЫ ІС ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

           Қарабөгет ауылдық округіне Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек ауылдары кіреді. Аталған үш ауылда 1500-ден аса халық тұрады.       Округ халқы бірыңғай мал шаруашылығымен айналысады.

    Аудан әкімі мен Қарабөгет ауылдық округі әкімінің 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы халық алдындағы есебіне үш ауылдың тұрғындары көп жиналды. Мұнда алдымен округ әкімі Бағдат Сатыбалдиев округтегі жыл ішінде атқарылған жұмыстарды байыпты баяндады. Халықтың қойған сұрақтарына жауап берді. Жыл ішінде  округте көп жұмыстар атқарылды. Әсіресе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша атқарған жұмыстар көптің көңілінен шығып отыр. Сондай-ақ округте мал шаруашылығы, кәсіпкерлік кеңінен қанат жаюда. Осы жерде Сарыөзек ауылындағы жеке кәсіпкер Қуаныш Көпесбаевтың ауласындағы 2 гектар жерден 800 килограмм алма, 400 килограмм алмұрт алуы өзгелерге үлгі болуы тиіс.

    Аудан әкімі Бақытжан Нүркенов ауданымызда өткен жылы қол жеткен жетістіктерді сөз ете отырып, әр сала бойынша атқарылған жұмыстарды жан-жақты айтып өтті. Ауданда қай салада болмасын 2015 жылмен салыстырғанда ілгерілеушіліктің бары байқалып тұрды. Аудан басшысы мұның бәрін сырғытып айтып өтпей арнайы дайындалған слайд арқылы екі жылғы көрсеткіштерді салыстыра отырып жеткізді. Сондай-ақ алдағы міндеттерге де тоқтала кетуді ұмыт қалдырмады. Аудан басшысы округ халқынан түскен ұсыныс-пікірлерге де жауап берді. Бұл ретте биылғы жылы Алтынсарин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтетіні, Сарыөзек, Қарабөгет ауылдарына кіре беріс жолдардың жөнделетіні, аталған екі ауылға таза ауыз су жүргізуге құжаттардың дайындалып жатқандығы округ халқының көңілін көтеріп тастады.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов округ халқына 2017-2020 жылдарға арналған бағыттар бойынша да айтып, түсіндірді. Осы жерде округ әкімі Б.Сатыбалдиевке күнделікті күйбең тірліктен бөлек ауылда жылыжай соғу, мал бордақылауды қолға алу, сүт танкерін орнату тәрізді жұмыстарды да қолға алу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы 5 басымдық туралы айта келіп, кәсіпкерлікті оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға байланысты өз ойын жеткізді. Ал бұл істі кез-келген ауылда қолға алуға болатындығы баса айтылды.

    Жиында округ тұрғындары Алпысбай Шыныбаев, Уәлихан Бидайбеков, Гүлбаршын Бопышбаева, Қоштай Ердосов, Ләйла Қырманбаева, Нұржігіт Қараевтар сөз алып, ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға қосымша медбике штатын қосу, округ әкімшілігі кеңсесін жөндеу, мектеп жанына спорт зал, асхана соғу, ауыз су жүргізу құжаттарын дайындауда кемшілікке жол бермеу, оның тиімді тұстарына мән беру, несие алу жолдары, жұмысқа орналасу туралы мәселелерді көтеріп, оған нақты жауаптар алды.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов екі ауылдың кіре беріс жолын жөндеуге қомақты қаржы бөлініп отырғанын ескерте келе, енді осы жолдардың сапалы жөнделуін үнемі қадағалап отыру қажеттігін ескертті.

    Жиында аудан, округ әкімдерінің жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы есебі еске алынды.

    Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков, аудандық мәслихаттың депутаты Нұртас Саурықов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары қатысып, өздеріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

     

     

     

     

                                                                        Әкім есеп берді. Ел не деді?

                                                         ҰЛАНБЕЛДЕ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС АТҚАРЫЛДЫ

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпанындағы №198 «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына байланысты аудан әкімінің халыққа есеп беру кездесуі биылда жылдағы дәстүр бойынша шалғайдағы Ұланбел ауылынан басталды. Мұнда аудан әкімі Бақытжан Нүркенов және Ұланбел ауылдық округінің әкімі Қанат Белгішов 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы халық алдында есеп берді.

    Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жылдық есептерінің тезисі алдын-ала аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде жарияланған. Міне сондықтанда округ халқы жиынға ауылда да, ауданда да жыл ішінде атқарылған жұмыстардан хабардар болып келгенін алдын-ала айта кеткен жөн.

    Округ әкімі Қ.Белгішевте, аудан әкімі Б.Нүркеновте дайындалған есепті сырғытып оқып шықпай, негізгі атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алдағы міндеттерді баяндады.

    Ұланбел ауылында жыл ішінде айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы орта мектептің қазандығы сыртқа шығарылып, жылу жүйесі түгелдей жаңаланды. Терезелері ауыстырылып, сырты қоршалды, әжетхана соғылды. «Балдырған»  балабақшасының асханасы жөнделіп, ауылдағы ескерткіштер маңы қоршалды. Ұзақ жылдардан бері үйіліп қалған күл-қоқыс сыртқа шығарылды. Басқа да атқарылған мәдени- көпшілік жұмыстар аз емес.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов өз есебін арнайы дайындалған слайд арқылы аудандағы атқарылған жұмыстарды әрбір сала бойынша жеткізе білді. Газетте ауданның өткен жылы қол жеткен жетістіктері жарияланғандықтан жиналған көпшілікті көп цифрді айтып, басын ауыртпады. Аудан басшысы 2016 жылы атқарылған жұмыстармен бірге алдағы міндеттерге де тоқталды. Бұл ретте 2017-2020 жылдарға арналған ауданның бағыттарымен де көпшілікті таныстырып өтті. Осы  жерде аудан басшысы Бақытжан Балтабекұлы ұланбелдіктерді мал өсірумен бірге жылыжай соғып, өздерін өздері көкөніспен қамтамасыз ету жағында баса айтып, бұл іске елді ұйымдастыруды округ әкімі Қ.Белгішевке табыстады.

    Аудан әкімінің биылғы жылы Сарыөзек-Ұланбел ауылы арасындағы жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 211 млн. теңге бөлінгені, сондай-ақ ауылдан 2018 жылы 10 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысын соғуға биыл құжаттары даярланатынын естіген ауыл тұрғындары қуанып қалды. Енді аталған жолдың қай бөлігін жөндеген тиімді екенін анықтап, жөндеу жұмысының сапалы жүргізілуін қадағалау қажеттігі баса айтылды.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов өз есебінің соңында күні кеше ғана Елбасымыз Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына да тоқтала кетіп, көпшілікті Жолдауға іспен жауап беруге шақырды.

    Кездесуде ауыл тұрғындары Өмірсейіт Жаңабеков, Ақдидар Мырзанбетова, Бекмұрат Өтелбаев, Ермекбай Ахметбеков, Ақжібек Арыстанбекова, Сержан Кәдірімбетов, Бақыт Әбдімахановтар жол бойындағы мал өтетін орындарға жол белгілерін соғу, балалардың жәрдемақысы, мешіт соғуға жер бөліп, тегістеу, шірік отынды қар жаумай ерте босату, ауылдағы төменгі Шу орман бөлімшесінің басшылығын шешу, қажетті анықтама басқада құжаттарды ауданға бармай-ақ ауылдан алу жағы шешілсе деген ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ  ауыл орталығындағы көпірден аса ауыр салмақты үлкен автомашиналардың өтуіне тосқауыл қою сұралды.

    Жиында мектепке жасаған қамқорлығы үшін мектеп директоры Гүлнұр Әбілова мектеп ұжымы атынан аудан басшысы Бақытжан Нүркеновке алғыс айтып, алдағы жұмысына табыс тіледі.

    Аудан, округ әкімдерінің жыл ішінде атқарған жұмыстары еске алынды.

    Аудан әкімі Б.Нүркенов халықпен кездесуге келгенде мектеп пен балабақшаның жұмысымен танысуға да уақыт тауып, мұндағы жұмыстарға ризашылығын білдірді.

    Жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев, аудандық мәслихаттың депутаты Нұртас Саурықов, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мекеме басшылары қатысып, өздеріне қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Мойынкумского района