100%200%
Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Қызылтал ауыл әкімі есебі

    2016 жылы Қызылтал ауылдық округінің әкімі

    Б.НАУРЫЗБАЕВТЫҢ ЕСЕБІ

     

    1. Кіріспе

    Өздеріңізге белгілі  2013 жылғы 15 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев  «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №615 Жарлығына   сәйкес, бүгін міне  2016 жылы атқарған жұмыстарым  туралы есепті  назарларыңызға  ұсынғалы  тұрмын.

    Жамбыл облысы әкімінің аппаратында және  жергілікті атқарушы органдарда іс-жүргізу, құжаттардың орындалуын ұйымдастыру жөніндегі №211 қаулысына өзгерістер енгізу туралы №215 қаулысымен бекітілген  Нұсқаулыққа және басқа да қолданыстағы заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүргізіледі.

    Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 30 қараша 2015 жылғы «Қазақстан жаһандық нақты ахуалда:  «Өсім, Реформалар, Даму» атты Жолдауында:

    Тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету – оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің  қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті  түрде жетеміз. Мен бүгін жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын  Қазақстан халқына Жолдауымды жария етпекпін деген болатын.  Жолдауда айтылған тапсырмаларын  іске асыру шараларына байланысты Қызылтал ауылдық округі бойынша да тиісті шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ  округке қарасты ауылдардағы  мекеме ұжымдарымен кездесулер және «дөңгелек үстелдер» өткізілді. Тараз қаласынан арнайы ақпараттық насихат тобы келіп Б.Момышұлы және Ә.Молдағұлова атындағы орта мектетерінде кездесу жиындарын өткізді.

    Қызылтал   ауылдық   округі  әкімінің   аппараты    2016   жылдың  қорытындысы бойынша  70 өкім,    шешім шығарып, әкімшілікке келіп түскен кіріс құжаттар айналымы  кіріс 120, шығыс  құжаттар 183   бірлікті құрады.  Кірістелген және шығысталған  құжаттардың  барлығы дерлік қазақ тілінде рәсімделген. Қызылтал ауылдық округі әкімдігі жыл басынан бері жеке тұлғалардан 5 өтініш, заңды тұлғалардан 1 өтініш түсіп, толықтай қанағаттандырылды. Өтініштер жерді пайдалануға байланысты түскен өтініштер. Өтініштер барлығы «Айқын» бағдарламасына енгізілген. Сенім телефондары жұмыс істейді. Газет бетіне жарияланған.

    Қызылтал ауылдық округінде сыбайлас жемқорлық және оның алдын-алу шараларына байланысты  топ құрылған. Топ жетекшісі округ әкімі болып табылады. Әкімшілік  мемлекеттік  қызметшілеріне  тиісті актілерді қабылдау кезінде  заң  бұзушылықтарға жол бермеу керектігін, қабылданған нормативтік актілер  заң талаптарына сай жүргізу қадағалаушы органдардың назарында болатындығы  үнемі ескертіліп отырады.  Алдағы уақытта да  сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның алдын-алу шараларына байланысты жұмыстар атқарыла беретін болады.

    1. 2016 жылғы округтің  әлеуметтік экономикалық дамуы

    Қызылтал ауылдық округіне  қарасты 2 ауыл бар. Көкжелек және А.Назарбеков ауылдары кіреді. 2 ауылда  255  отбасы, яғни Көкжелек ауылында 170 отбасы, А.Назарбеков ауылында 85 отбасы  тұрады. Көкжелек ауылында тұратын халық саны – 917  адам,  ал Назарбеков ауылында – 420  адам барлығы округ бойынша – 1337 адам  тұрады.

    Қызылтал ауылдық округі бойынша 2016 жылғы есептелген  мүлік салығы 25 300 теңге және  жер салығы  127 000 теңге жиналып, төлеуге міндетті  есептелген салықтар 100 пайызға орындалды. Осы салықтар бойынша І-ІІ топ мүгедектері, «Алтын алқа» иегерлеріне жеңілдіктер беріліп белгіленген тәртіппен салықтан босатылды.

    «Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда биылғы 2016-2017 оқу жылында Б.Момышұлы орта мектебінде 198 оқушы білім алуда. Мектеп табалдырығын аттаған жас бала ел ертеңі десек, оларды ақылды, парасатты етіп тәрбиелеу ұстаздардың борышы. ХХІ- ғасыр білімділер ғасыры,- дейтін болсақ оқу үрдісінің негізгі міндеті жоғары нәтижеге жету. ҰБТ сапалы дайындық ұйымдастыру үшін жыл басында арнайы жоспар құрылып, атқарылатын іс-шаралар белгіленді. Сол іс-шараның нәтижесінде өткен 2016 жылғы оқу жылында білім сапасы ҰБТ нәтижесі бойынша 69 % білім сапасын көрсетіп, аудан бойынша 10 орынды иеленген. Биылғы оқу жылында қысқы маусымға байланысты 256 тн көмір отыны түсіріліп, арнайы жабынның астына кіргізілген. «Ыстық тамақпен»1 сынып оқушылары қамтылған.

    Ә.Молдағұлова негізгі орта мектебі  2016-2017  жылғы оқу жылын 70 оқушымен бастады. Мектеп табалдырығын алғаш рет 7 бүлдіршін аттаса, мектеп алды даярлық тобына 9 бүлдіршін қабылданды. Жалпы педагогтар саны -26, соның ішінде 6 –жоғары санатта, 6 – І санатты, 7- ІІ санатты ұстаздар.   Қысқы маусымға байланысты 185 тонна көмір отыны түсіріліп,  арнайы жабынның астына кіргізілген.

    Мектеп жанынан ашылған шағын орталықта бүгінгі таңда 36 бүлдіршін тәрбиеленуде. Олардың 21 үлкен топта болса, 15 кіші топта.  Ата-аналардың айлық жарнасы 4200  теңгені құрайды.

    «Балапан» бағдарламасының аясында  «Самал» балалар бақшасы  2008 жылдың 10 желтоқсанынан бастап  25 бүлдіршін тәрбиелеп келген. 2014 жылы қосымша 2 топ қосылып барлығы 65 бала тәрбиленуде.  Мұнда басым көпшілігі 2,5 жас пен 5,5 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Мұндағы балалардың тәрбиленуіне 6 тәрбиеші, 1 психолог, 1 әдіскер барлығы барлығы 9 педагог қызметкер жұмыс атқарады.  Балабақшада әр мереке қарсаңында ертеңгіліктер, ашық сабақтар өткізіліп тұрады. Бала бақша ұжымы даталы мерекелік жиындар, қоғамдық жұмыстар тазалық айлығы және ауыл көлемінде өтетін барлық іс-шараларға белсене араласады.

    Жыл басынан бері Қызылтал ауылдық округі бойынша 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы аудан әкімдігінің жұмыспен қамсту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тағайындалса,«Өрлеу»бағдарламасының аясында жәрдемақы көп балалы, жағдайы төмен 1 отбасына беріліп, осы отбасының 1 адамы маусымдық ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

             Денсаулық сақтау саласына байланысты 2016  жылы  ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде біршама жұмыстар атқарылды. Тегін дәрі –дәрмектермен  «жоғары қан қысымы» «жүрек қан тамыры ауруларымен ауыратын науқастар «қант диабетімен ауыратын» науқастар және диспансерлік есепте тұратын ауруларға және аяғы ауыр әйелдерге, 2 және  5 жас аралығындағы  балаларға гепатит «А» түріне ем жүргізілді. Көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге В вирусты гепатитке екпелер егілді. 2016 жылы   Көкжелек ауылында 17 нәресте  дүниеге келді.  Алдын ала тексеру бойынша 162 тұрғын дәрігерлік тексеруден өтті. Аудандық орталық ауруханадан әртүрлі саладағы дәрігерлер келіп тұрғындарға алдын ала тексеру жүргізіп отырады. 1жастан  14 жасқа дейінгі балаларға туберкулездің алдын алу үшін Манту R сынамасы 202 балаға жасалды. Жаңа туған нәрестелерге апта сайын патронаж жасалады. Алғашқы көмекке дәрі дәрмектер бар. Медициналық тірекке  2016  жылғы қысқы маусымға байланысты  10 тонна көмір отыны түсірілді.

    А.Назарбеков ауылындағы дәрігерлік амбулатория қызметкерлері де ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуде біршама жұмыстар атқаруда. 2016 жылы А.Назарбеков ауылы бойынша 14 нәресте дүниеге келді. Жаңа туған нәрестелерге апта сайын патронаж жасалып тұрады. Туберкулездің алдын алу үшін Манту R сынамасы 57  балаға жасалды.  0 жасқа дейінгі 14  жасқа дейін128 балаға КПК екпелері, 1 жастан 6 жасқа дейінгі 67 балаға АКДС, Сарыаурудың «А» түріне  35  балаға екпелері егілсе, қазан айында тұмауға қарсы екпелер 45 адамға жасалды. Тегін дәрі –дәрмектермен  «жоғары қан қысымы» «жүрек қан тамыры ауруларымен ауыратын науқастар «қант диабектімен ауыратын» науқастар және диспансерлік есепте тұратын аурулар қамтамасыз етіледі.

    Округ бойынша 6 азық-түлік дүкені және 2 наубайхана халыққа қызмет көрсетеді.

    «Ауыл шаруашылық» жұмыстарына байланысты  сәуір мамыр айларында округ бойынша егін суы берілді. Округке қарасты ауылдардағы шаруа қожалықтары өздеріне тиесілі суармалы жерлерін игерді. Сонымен қатар шаруа қожалықтары жетекшілеріне және мүшелеріне тиесілі жерлері игерілмеген жағдайда қайтарып алынатындығы ескертіліп отырады.

    Жыл бойында мал есебін жүргізу бірдейлендіру жұмыстары жолға қойылып, округ бойынша 23 түйе,  жылқы 240 бас, ірі-қара  1143 бас, 8727 бас  қой –ешкі бірдейлендіріп, компьютерге енгізіліп, базаға  кіргізілді.

    Қырым қанды безгегіне қарсы ірі-қара және қой-ешкі малдарына профилактикалық ем-дом, қора жайларға  дезинфекциялық жұмыстары жүргізілді.

    Округ бойынша алынған төл есебінен  мал басы  қозы-лақ – 3700 бас, бұзау-  315  бас,  құлын –  51  бас, бота – 4  басқа өскені байқалады.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы №570 Қаулысы бекітілген  2011 – 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында  ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Қызылтал ауылдық округіне қарасты А.Назарбеков ауылында  «Ауыз су» құбыры үздіксіз жұмыс істейді.  Ауылдағы 80 үйдің 60 үйдің ауласына су кіргізілген.  Мекеме «Мөлдір» КМК-не сенімгерлік басқаруға келісім-шартпен берілген. Штат саны  бойынша 3 жұмысшы жұмыс істейді.

    Қазақстан Республикасы  Үкіметінің  2013 жылғы «16» маусымдағы №636 қаулысымен бекітілген «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына байланысты жұмыс (тұрақты, уақытша) орындарын құруды жоспарлауды үйлестіру бойынша  аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде ресми тіркеуде тұрған 9 азамат уақытша ақылы қоғамдық жұмыс орындарына және 3 жас маман «Жастар іс-тәжиірбесі» бойынша жұмыстар атқарады. Сонымен қатар «Өрлеу» бағдарламасы бойынша аз қамтылған 1 отбасыға беріліп, сол отбасының 1 адамы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

    Қызылтал ауылдық округінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл филиалынан  А.Назарбеков ауылының тұрғыны Б.Қораласов 2,5 млн теңге   қаржылай  несие  10 бас ірі-қара, 4 бас жылқы малын сатып алып, шаруашылығын жүргізуде.

    Қызылтал ауылдық округі бойынша кітапханашылар Д.Алыпбаева, А.Жаманқұлова халыққа қызмет көрсетеді. Кітапханада -12102 дана кітап қоры бар. Бақылау көрсеткіштері:

    1. Оқырман саны – 396;

    Кітапханаларда 2016 жылға 220 жаңа кітап қорымен толықтырылды.  «Қуатты  Қазақстан -2050», «Денсаулық –зор байлық», «Мәдени мұра ғасырлар куәсі», «Мойынқұмда-ауылым» атты тақыртарда кітап көрмелері ұйымдастырылған. Кәсіби және мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. А.Назарбеков ауылында 2017 Жаңа жылды қарсы алу кешін кітапханашы А.Жаманқұлова жоғары дәрежеде ұйымдастырып, өткізді.

    «Мәдениет» саласында 2 ауылда  клуб меңгерушілері жұмыс атқарады. Округ бойынша жыл бойына жасалған іс- шара жоспарына сәйкес әр түрлі мерекелік іс-шараларды ауыл жастарымен және мекеме ұжымдарымен бірлесе отырып атқарылуда. Аудандық және облыстық деңгейде өтетін байқау, жарыстарға ауыл өнерпаздары үнемі қатысып отырады. Атап айтар болсақ Көкжелек ауылдық клуб меңгерушісі Б.Жақсылықовтың ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Б.Момышұлы атындағы орта мектебінде «Тәуелсіздік-Тәңірден келген ұлы сый» атты патриоттық әндерден және жас ақындар байқауы өткізілді.

     «Жастар» Округ бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 263  адам.  Мектептерде 14-18 жас аралығындағы  білім алушылар саны – 92  адам. Кәсіптік лицейде білім алушы студенттер саны – 5. Колледждер мен жоғары оқу орнында білім алушылар саны – 57   адам, әскер қатарында – 3 адам.

    Жұмыспен қамтылғандар саны – 85.

    Округте  нашақорлық  және маскүнемдік жолға түскен жастар жоқ.Округ жастары аудан көлемінде болған мәдени көпшілік және спорттық-іс-шараларға үнемі ұйымшылдылықпен қатысып отырады.

              Атап айтар болсақ «Қазақстан барысы» турниріне Мойынқұм ауданының іріктеу турнирінде Көкжелек ауылының командасы жалпы командалық есеп бойынша І-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар 19 сәуірде Бірлік ауылында өткен ересектер арасында аудандық турнирде Көкжелек ауылының командасы жүлделі І-орынды жеңіп алды.

    Биыл тұңғыш рет Қызылтал ауылдық округіне қарасты Көкжелек ауылында 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 71 жылдығына және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жылдығына «Көкжелек барысы» ауылдық турнирі өткізілуіне  басты демеушілік жасап  идея тастаған  Көкжелек ауылының тумалары Д.Тілеужанов, Ә.Әбдікерімов, Б.Қалыбаев және т.б. азаматтар атсалысты. Жарысқа барлығы Көкжелек ауылында туып-өскен 40 палуан қатысты. Жарыс жеңімпаздары болып:

    І-орынды Ынтықбаев Серікболсын жеңіп алып, «Көкжелек барысы» атағына ие болып, қазақы нақышта «Шебер қолдар  қалашығында»  жасалған белбеумен және алтын алқа, 50000 теңге ақшалай сыйлықпен  марапатталды.

    ІІ-орынды Ерболат Жақсылықов жеңіп алып, 30000 теңге ақшалай  жүлдемен және күміс алқамен марапатталды.

    ІІІ-орынды Ермек Мақұлбеков ұтып алып 20000 теңге ақшалай сыйлықпен және қола алқамен марапатталды. Жарыс жеңімпаздарына естелік сыйлықтар мен марапаттау қағаздары тапсырылып, «Көкжелек барасы» ауылдық турнирі мереке есебінде аталып өтілді.

    Округ бойынша 2 пошта бөлімшелері бар. Ондағы қызметкерлер мекемелердің айлық жалақысын және зейнеткерлерге зейнетақы таратып беру қызметін, әртүрлі газет-журналдарды таратып берумен және жаздырумен айналысады.

    Өздеріңізге белгілі Көкжелек ауылының 1976 жылғы туылған жастары 2013 жылы«Шопан ата» мешітінің құрылысын қолға алып, 2016 жылы пайдалануға беріліп, жан-жақтан қонақтар шақырылып салтанатты ашылу рәсімі болды.

    «Тазалық жұмыстары» бойынша тазалық айлығы басталған наурыз айынан бастап  округ әкімінің шешімімен әр мекемеге әр аптаның  жұмыс күндері мекемелер айналасын және жұма, сенбі күндері қоғамдық орындарды тазалау туралы тазалықтың іс-шарасы бекітіліп берілді. Сол іс-шаралар бойынша жұмыстар атқарылды. 18 сенбілік өткізіліп, оған 1200 жуық  адам қатысып, 18 тоннаға жуық күл-қоқыстар сыртқа шығарылды. Орталық көшелердегі бағаналар сырланды  және  тал-дарақтардың түптері әктеліп бұтақтары кесілді.  «Жасыл белдеуге» байланысты  750  түп әртүрлі талдар егілді. Жалпы тазалық жұмыстарына округке қарасты ауылдардағы барлық мекемелер ұйымшылдықпен қатасып отырады.

    «Қоғамдық тәртіп» сақтау барысында учаскелік инспектор Д.Ескермесов қызмет көрсетеді. Ауылда қоғамдық тәртіп сақтау, қылмысқа қарсы күрес, алкоголь өнімдерінің айналымын ретке келтіру, нашақорлыққа қарсы күрес, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық, мал ұрлығын болдырмау шараларына байланысты жоспарға сай мекеме ұжымдарымен және білім беру мекемелерімен кездесіп, «дөңгелек үстелдер» кездесулер өткізіп тұрады.

    Округке қарасты ауылдардағы барлық мекемелердің және ауылдық клуб меңгерушілерінің  арасындағы тығыз  қарым-қатынастың негізінде  барлық  мерекелік іс-шаралар  мүмкіндігінше аталып өтілді.  «Жаңа  жыл», 8 Наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекелері, 22 Наурыз «Ұлыстың Ұлы күні», мамыр айында аталып өтілетін атаулы мерекелер, 1 маусым «Балаларды қорғау күні» мерекесі және 6 шілде «Астана күні», 1-қазан «Қарттар күні», Жаңа жыл    мерекелері кең ауқымды және жоғары деңгейде аталып өткізілді.

     

    1. Бағдарламалардың орындалуы туралы.

     

    Республикалық «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы  бойынша 2016 жылға бөлінген 1050,0 теңге қаржы порталға салынып, Көкжелек ауылына 4 жерге, А.Назарбеков ауылына 2 жерге билборд орнататын щиттер қойылып халықтың игілігіне берілді.

    Аудан әкімінің есебінде айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуына байланысты:

    1. Көкжелек ауылына кіре беріс жолын жөндеу шарасына орай  аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы порталға салынған 55,0 млн теңге қаржыны компания «Инвест МК» ЖШС ұтып алды.(басшысы Қожамқұлов Сатбай).  Жөндеу жұмыстарын жүргізіп, толықтай аяқтады.
    2. А.Назарбеков ауылына алма бағын өсіру үшін А.Назарбеков ауылының тұрғындары «Қараменде» шаруа қожалығының жетекшісі Султаналиев Айтбек  1 гектар жерге 680 түп алма  көшетін (әр түбі 300 теңге) 204 000 (екі жүз төрт мың) теңгеге және  «Бағлан» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбай  Қораласов  1 гектар жерге 512 түп алма көшетін (әр түбі 300 теңге) 153 600 (бір жүз елу үш мың алты жүз) теңгеге  Меркі ауданы, Меркі ауылындағы «Меркі тәжірибе шаруашылығы» ЖШС- нан сатып  әкеліп екті. Алма көшеттері өсіп тұр.

     

    1. Ұсыныс –пікірлердің орындалуы туралы.

     

    Есеп беру жиналысының  алдында аудан және округ  әкімдерінің  есебіне орай ауыл тұрғындарының өтініш, ұсыныстарын білу үшін ауыл әкімшілігі, мектеп ғимараттарына ұсыныс-пікірлеріне арналған жәшік қойылған. Бүгінгі күнге ешқандай ұсыныс түскен жоқ.

    Құрметті ауыл тұрғындары сіздердің назарларыңызға 2016 жылғы атқарылған жұмыстарымды  баяндай  келе алдағы уақыттарда да сіздермен өзара тығыз  байланыспен жұмыс істеп, ауылымыздың келешектегі өзекті мәселелерін бірлесе отырып шешетіндігімізге және ауылдың әлеуметтік – экономикалық өсіп – өркендеуіне   нақты және жүйелі түрде жұмыстар атқарып,  жүргізетініме толық сенім білдіремін.

    Барлығыңыздың отбасыларыңызға   бақ – береке, дендеріңізге саулық,  еліміз тыныш, Елбасымыз аман болсын – деп тілеймін.

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Мойынкумского района