100%200%
Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Түсіндірмесі

    Мемлекеттік билік қызметінде ерекше басымдық қашанда – тиімді, заманауи мемлекеттік қызмет және басқару құрылымдарын құруға бағытталады.

    Бүгінгі күні қолданыстағы мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңнама қазақстандық мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің негізі деп толық сеніммен айтуға болады.

    Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

     

     

    Осы себепті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңын іске асыру мақсатында 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі бекітілді.

     

     

    Әдеп кодексінің мазмұны алдыңғы қолданыста болған кодекске қарағанда мемлекеттік қызметшінің бойында кәсіби тұрғыдан жарасымды қарым-қатынасқа жетелейтін дағдыларды қалыптастыруға бағдарланған.

    Бұрынғы Ар-намыс кодексіндегі талаптар қағида түрінде белгіленгендігін атап өту қажет.

    Ал қазіргі жағдайдағы Станда́рт standard» ағылшын аудармасынан — норма, үлгі) сөзі, өзінің кең көлемді мағынасында — үлгі, эталон, модель, ұқсас нысандарды салыстыруға болатын түпнұсқа ретінде түсініледі.

    Атап айтқанда, бұл кодекспен жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған стандарттары, яғни олардың негізгі қызметіндегі мінез-құлықтың жалпы стандарттары, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттары, қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттары, сондай-ақ, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары  белгіленген.

     

    Осылайша, Кодекстің талаптары халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

     

    Мемлекеттік қызметтегі Әдеп кодексінің түйінді идеялогиялық  бағдары – мемлекеттік қызметшілердің өз қызметінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жақтау және оны дәйекті түрде жүзеге асыру болып табылады.

     

    Мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлқының стандарты бізге – қоғамдық қарым-қатынаста сыпайы, әдепті, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұратын, өзінің мінез-құлқымен қоғамдық сынға ұшырамайтын, халықтың сұранысына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарта білетін, жеке мәселелерде қызметтік жағдайын пайдаланбайтын, жалған мәліметтерді таратпайтын, құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермейтін, сондай-ақ жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдаланатын адал, әділ, әрі қарапайым тұлғалық үлгіні анықтап береді.

     

     

    Мемлекеттік қызметші, қарапайым азамат ретінде, яғни қызметтен тыс уақытта да жалпы моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға тиіс. Демалыс кезеңі болсын, басқа болсын қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге міндетті.

    Бұл ретте моральдық-әдептілік нормаларын тек өзі ғана сақтап қоймай, өзге азаматтарды да қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке шақыра отырып, басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуі тиіс.

     

    Қолданыстағы Әдеп кодексі қызметтік қатынастардағы мінез-құлықтың стандарттарын кеңінен ашады.

    Мәселен, мемлекеттік қызметші әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде ұжымда іскерлік және әрі сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға міндетті. Әріптесінің тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауы керек. Ұжымда әріптесінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуы міндетті.

     

    Қарамағындағы қызметшілер үшін өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің үлгісі болуы керек. Қызметтік бағыныстылықтағы қызметшілермен қарым-қатынас барысында меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуі, еңбекті, денсаулықты қорғауға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушілікті, оған қол сұғушылықты болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруы, негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін қорлау, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуі тиіс.

     

    Ал, төмен тұрған лауазымдардағы қызметшілер  үшін стандарттар басшылыққа жеке берілгендікке салынбауды, басшылықтың мүмкіндіктері есебінен пайда және артықшылықтар алуға ұмтылмауды, әдеп нормаларының бұзу жағдайлары және қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар туралы басшылыққа және әдеп жөніндегі уәкілге дереу хабарлауды, басшылардың заңды тапсырмаларын орындауға кедергі келтірмеуді, тапсырмаларды орындау кезінде тек объективті және шынайы мәліметтерді ұсынуды белгілейді.

     

    Жоғарыда атап өткендей, Әдеп кодексінде қызметшілердің көпшілік алдында сөйлеуіне қатысты стандартар белгіленген. Бұл ретте көпшіліктің алдында мемлекеттік орган басшысы немесе бұған уәкілеттік берілген қызметшілер ғана жүзеге асыруы тиіс. Яғни, қызметкердің басшысының рұқсатынсыз көпшілік алдында сөйлеуі әдепсіздік болып танылады.

    Пікірталас туындаған жағдайда, мемлекеттік қызметші пікірсайысты жеке беделіне емес, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмейтіндей сыпайы түрде жүргізуге тиіс.

    Қызметшінің пікірі өзге лауазымды адамдардың, мемлекеттік басқару органдарының атына әдепке жат сөздер айтудан тұрса, көпшілік алдында білдіруіне болмайды.

    Әлбетте, бұрынғыдай қызметшіге жеке мәселелері бойынша мемлекеттік органның атынан материал жариялауға жол берілмейді және көпшілік алдында сыбайлас жемқорлық көріністерін жасаған деп негізсіз айып тағылған жағдайда, ол айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығаруы тиіс.

     

     

    Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің       осы Жарлығымен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ереже де бекітілген.

     

     

    Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші.

     

     

    Әдеп жөніндегі уәкіл орталық атқарушы органдарда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің аппараттарында ғана енгізіледі.

    Әдеп жөніндегі уәкілдің функцияларын жүктеуді:

    – орталық атқарушы органдарда – жауапты хатшылар немесе ондай өкілеттіктер жүктелген лауазымды адамдар, ал аталған лауазымды адамдар болмаған жағдайда – мемлекеттік органдардың басшылары;

    – жергілікті атқарушы органдарда – облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары жүзеге асырады.

    Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.

    Бұл жерде, басшының бейтараптығы негізді күмән тудыратын, лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамауға әкеп соғатын мән-жайлар (мүдделер қақтығысы) болған кезде әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес негізде жүзеге асыра алатынын атап өту қажет.

     

     

    Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функциялары консультациялық көмек көрсету, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың профилактикасы, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

     

    Әдеп жөніндегі уәкілге тиісті міндеттер жүктеліп, өз функцияларын орындауға қажетті құзыреттіліктер де белгіленген. Мәселен, уәкіл мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды.

    Бұл үшін уәкіл кемінде айына бір рет кестеге сәйкес мемлекеттік қызметшілерді қабылдау жүргізеді. Уәкіл туралы деректер, қабылдау кестесінің жариялылығы қамтамасыз етіледі.

     

    Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады және құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен шарттарды талдай отырып, мемлекеттік орган басшылығына оларды жою туралы ұсынымдар енгізеді.

     

    Қажет болған жағдайда өзінің құзыретіне қатысты мәселелерді қарау кезінде материалдар мен құжаттарды сұратуға және алуға құқылы.

    Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мақсатында азаматтық қоғам институттарымен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.

     

    Өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның атынан өзіне жүктелген міндеттер аясында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен іс-қимылдар жасайды. Бұл ретте, өзіне жүктелген функцияларды орындауға кедергі келтіретін әрекеттер жасалғанда, бұл туралы уәкілетті органға не оның аумақтық бөлімшесіне хабарлауға міндетті.

    Уәкілетті орган не оның аумақтық бөлімшесі мұндай хабарлама келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тиісті шараларды қолданады.

    Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінің нәтижесі бойынша уәкілетті органға есеп береді.

    Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингтеу мақсатында әдеп жөніндегі уәкіл кемінде жарты жылда бір рет уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша анонимді сауалнама жүргізеді.

     

    Елбасының «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын нақты іске асыру кезеңінде қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін сапалы сақтау баршамызға үлкен міндеттерді жүктейді.

    Яғни, реформаның табыстылығы жүктелген міндеттерден туындайтын мәселелерде жекелеген әрқайсымыздың мінез-құлқымыз белгіленген жаңа стандарттарға сай келуіне байланысты болмақ.

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Мойынкумского района