100%200%
Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының
ақпараттық порталы

    Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының іске асырылу барысы

    ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУ АЯСЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР

    Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бағытында ауданымызда ауқымды жұмыстар атқарылуда.

    • Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіріс саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар,- деді Елбасы өз Жолдауында.

    Кезінде ауылшаруашылығы өркен жайған ауданымыз кейінгі жылдары өндірістік аймаққа айналып барады. Ауылшаруашылығы, өнеркәсіп өнімі жыл сайын арта түсуде. Бұл ретте аудан бюджетінің биылғы жылдың алты айында 99.9 пайызға орындалғанын да айта кеткен жөн. Ауданда өнім өндірумен бірге жаңа ғимараттар бой көтеріп, көптеген нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары қызу қолға алынып отыр. Ал бұл ауданымыздың көркін келтіріп, ажарын аша түсуде. Бұл ретте әсіресе аудан орталығында ауқымды жұмыстар атқарылды. Орталықтағы барлық көшелер асфальтталды десе де болады. Ал өткен жылдан бері қарай ауылдың орталық көшелері бойына жаяу жүргіншілер жолын салу қолға алынды. Сондай-ақ Амангелді көшесі бойына біршама егіс суы үшін бетон астаулар төселді.

    Биылғы жылы Ұланбел, Қарабөгет, Сарыөзек, Жамбыл ауылдарына кіре беріс жолдарды жөндеуге қаржы бөлініп, бұл жұмыстар басталыпта кетті. Сондай-ақ Мойынқұм-Ұланбел тас жолының 15 шақырымын жөндеу жұмыстары да жүргізілуде.

    Аудандық орталық аурухана қазандығының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 45 млн. 800 мың теңге бөлініп, аталған жұмысты «Жалайыр құрылыс бірлестігі» ЖШС 35 млн. теңгеге атқаруда. Сол сияқты Алтынсарин атындағы орта мектепте «Тиберда» ЖШС 182 млн. 82 мың теңгеге, ал Шығанақ орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын «Жалайыр құрылыс бірлестігі» ЖШС 118 млн. 878 мың теңгеге жөндеуде. Аталған екі құрылыста да жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ Қасымов, Сейфуллин, Ә.Молдағұлова, Терешкова атындағы орта мектептердің қазандықтарын сыртқа шығару, Ә.Төлепбергенов, Қ.Сәтбаев, Кеңес орта мектептерінің қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

    Ауданда ауыз су мәселесі де жақсы жолға қойылған. Дәлірек айтқанда «Ауыз су», «Ақбұлақ» бағдарламалары бойынша 14 елді мекен халқы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілсе, Мирный, Ақсүйек, Ақбақай, Қияқты, Бурыл-Байтал, Қашқантеңіз ауылы тұрғындарына ауыз су тасымалданып беріледі. Қарабөгет, Сарыөзек, Көкжелек ауылдарына ауыз су құбырларын жүргізу үшін тиісті құжаттар дайындалуда.

    Бурыл-Байтал, Мирный, Қияқты ауылдарының ауыз су құрылысы дайын. Енді аталған нысандарды пайдалану үшін Балқаш көлінен су тарту жүйесін жүргізу қажет болып отыр. Бұл жұмыстарды «ТемірСтройСервис» және «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС жеңіп алып, жұмыстарын жүргізуде.

    Алда қыс мезгілі жақындап келеді. Қазақта «қыс шанаңды жаз сайла» -деген жақсы сөз бар. Оның үстіне биылғы жаз өте ыстық болды. Сондықтанда алдағы қыс қатал болады деп күтілуде. Демек, қысқа үлкен дайындықтармен келіп, қыстан қиналмай шығуды осы бастан ойластырып отырмыз. Бұл ретте аудан мектептері мен басқа да ғимараттарды ағымдағы және күрделі жөндеулерден өткізіп қана қоймай, қысқа қажетті отынмен қамтамасыз ету мәселесі де қолға алынды.

    Ауданда 25 мектеп, 15 балабақша, 6 мектептен тыс мекеме, №8 Мойынқұм колледжі, денсаулық сақтау, мәдениет саласына байланысты да тиесілі көмір, сексеуіл, дизель отынына қаражаттар бөлініп, конкурс ойнатылды. Бүгінде білім ошақтарына көмірлер тасылуда.

    Аудан орталығы, ауылдық жерлерде де жекелеген азаматтардың тұрғын үй, басқа да ғимараттар соғуы көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы уақытта да ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында абыройлы еңбек ете беретін боламыз.

    Мұратхан ЕСТАЕВ,

    аудан әкімінің орынбасары.

     

     

     

    АУЫЛ  ШАРУАШЫЛЫҒЫ  – АСЫРАУШЫ САЛА

        Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.  Қазақстанның  агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор»-деп атап өтті. Кезінде ауыл шаруашылығымен атты шыққан ауданның кейінгі жылдары өндірістік аймаққа айналып бара жатқаны аян. Дегенмен  ауыл шаруашылығы – асыраушы сала екендігін ұмытуға болмайды. Сондықтанда  ауданда мал басы жыл сайын өсіп келеді.  Ендігі мақсат шаруа қожалықтарын ірілендіріп, кооперативтер құру, суармалы егістікті толығынан пайдалану болып отыр. Бұл ретте Үкіметтің ауыл шаруашылығына байланысты бағдарламаларын жүзеге асыру барысында берілетін жеңілдетілген несиелерді ұтымды пайдаланған жөн.

         Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы ақшалай көлемі биылғы жылдың тоғыз айына 3739,7 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,1 пайызға артты. Есепті кезеңде 31508 цн. ет, 58472 цн. сүт, 1170,0 мың дана жұмыртқа өндірілді. Ауданда 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қой-ешкі 107,5, мүйізді ірі қара 101,9, жылқы 100, түйе 107,5, үй құстары 108,0 пайызға өсті.

    «Сыбаға» бағдарламасы бойынша биылға Мойынқұм ауылынан «Табыс», «Нүркен», «Аяулым» шаруа қожалықтары 42 млн. 800 мың теңгеге мүйізді ірі қара малына несие алуға құжаттарын өткізді. «Аяулым», «Нүркен» шаруа қожалықтары 144 бас аналық, 7 бас бұқа сатып алды. Былтыр 3 шаруа қожалығы 257 бас сиыр, 13 бас асыл тұқымды бұқаны 5,800 млн. теңгеге сатып алған болатын.

    «Алтын асық» бағдарламасы бойынша биылға «АгроФирма Түрікпен» ЖШС 3 мың бас қой үшін несие алуға құжат өткізді. Былтыр 4 шаруа қожалығы 2328 бас қой, 115 бас қошқарды 59,600 млн. теңгеге сатып алған.

    «Құлан» бағдарламасы бойынша биылға 2 шаруа қожалығы 30 млн. теңгеге жылқыға несие алуға құжаттарын өткізді. Мойынқұмдық «Мұхтар шаруа қожалығы 75 бас аналық, 5 бас айғыр сатып алды. Ал былтыр бұл бағдарлама бойынша 1 шаруа қожалығы 15 млн. теңгеге 75 бас жылқы, 5 бас айғыр сатып алған болатын.

    Ауданға инвестиция тарту барысында «Агрофирма Түрікпен» ЖШС-не 64317, 48 гектар жер берілді. Олар «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 800 млн, ал «КазАгро Қаржы» АҚ арқылы 1 млрд. теңгеге несие алып, 1552 бас жылқы, 2015-2016 жылдары 2603 бас қалмақ, 258 бас ақ бас, 37 бас аулие көл, 105 бас Герефорд тұқымды және 1476 бас шаруа малын сатып алды. Алдағы  5-6 ай шамасында тағы 5500 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара, 3000 бас етті бағыттағы шаруа бұқаларын әкелуді жоспарлап отыр. Биылға тағы 3 млрд 300 млн теңгеге несие алып, мал шаруашылығын өркендетуді қолға алмақ. Бұл ретте қажетті тұрғын үй, қора-жайлар салынып, құдықтар қазылды.

    Агросалаға  тың серпін беруде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тиімділігі уақыт өте дәлелденіп келеді. Шаруалар біріккен жерде берекенің болатындығын сезінуде.

    «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылы 29 қазанда № 372-V болып тіркеліп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді. Бүгінгі  таңдағы аудандағы 607 ұсақ  шаруа   қожалықтарын  барынша  біріктіріп ауыл шаруашылық өндірістік кооперативін құру  басты бағытымыз  болмақ. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің басты бағыты ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуды көздейді.  2016 жылы аудан бойынша «Талды-өзек»  (жетекшісі Исабеков Шаймерден Әміреқұлұлы), «Бірлік – Агро Көктерек» (жетекшісі  Жақсыбаев Данияр Мадиярұлы), «Биназар Агро» (жетекшісі Атаев Қамбар), ал 2017 жылы А.Назарбеков ауылынан «Бірлік» (жетекшісі Салиев Еркежан)  ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

    Бұл құрылған кооперативтер ұсақ шаруа қожалықтарды және жеке қосалқы шаруашылықтарды өздеріне біріктіру жөнінде және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға» арналған бағдарламасы арқылы несие алып бордақылау алаңдарына мал қойып, ет өткізуге жұмыстар жүргізуге  ниет білдіруде. Сонымен қатар биылғы  жылы Кеңес, Қызылтал, Жамбыл, Қылышбай  және Қарабөгет ауылдық округтерінде қосымша 5 ауыл шаруашылық кооперативтерін құруға жұмыс жүргізілуде.

    Биылғы жылдан бастап аграрлық сектордың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға» арналған бағдарламасы арқылы бөлінген несиелердің сексен пайызы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуді шаруаның жайын ойластырудың нақты қадамы екенін, береке мен мол табысқа бастау болатындығын білуіміз керек.

    Ауданымыздың жалпы жер көлемі 5 045 071 га., оның ішінде: ауыл шаруашылығындағы жерлер 648 772,264 гектар, елді мекендердің жерлері 56 853 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге мақсатқа арналған жерлер 10 059,768 гектар, орман жер қоры 1 925 594 гектар, су қорының жері 308 964 гектар, босалқы жерлер 639 790,968 гектар, басқа облыстар немесе басқа мемлекеттердің қолданысында (Сарышаған полигоны) 1 455 037 гектар жер бар.

    Ауданда жер игеру мәселесі бойынша алдын-ала түгендеу жұмыстары жүргізіліп, елді мекендердегі игерілмей жатқан суармалы жер пайдаланушылардың тізімі жасақталды. Онда 68 шаруа қожалығында барлығы  528,64  гектар суармалы жерлердің игерілмей жатқандығы анықталды. Анықталған жер пайдаланушылармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

    Аудан көлемінде ауыл шаруашылығына қолдау көрсете отырып, егістік жер көлемін ұлғайту, мал шаруашылығын өркендету бағытында жоспарлар бар. Мұндай игі идеяларды лайықты жүзеге асыру үшін бірінші кезекте билік өкілдері мен халық арасында өзара түсіністік, ынтымақ, бірлескен жұмыс пен ортақ мақсат болу қажет. Осы ұстанымды берік ұстана отырып,  алдағы уақытта да қоғам талабына сай еңбек ете беретін боламыз.

    Бақытжан ҚАЛЫМБЕТОВ,

    аудан әкімінің орынбасары.

     

     

     

    ТӘРТІП БОЛҒАН ЖЕРДЕ, ТАБЫС БАР

    Жуырда аудандық №12 Өрт сөндіру бөлімінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына байланысты дөңгелек үстел отырысы өтті.

    Дөңгелек үстел отырысына Жамбыл облысы ТЖД «ӨС және АҚЖҚ» ММ бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Қосыбаев, №12 өрт сөндіру бөлімнің басшысы, аға лейтенант Мадияр Исаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының консультанты Жомарт Асанбеков, аудандық прокуратураның аға прокуроры, бірінші сыныпты заңгер Азамат Сұртаев, аудандық орталық ауруханасының нарколог-дәрігері Мақсат Оразбаев, аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Еркінбек Жайлаубековтер және Өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы қатысты. Дөңгелек үстел басында Мақсат Қосыбаев жеке құрамға Елбасымыздың «Қазақстанның  Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы туралы жан-жақты түсінік берді. Сондай-ақ, Жолдауды қолдай отырып, оған іспен жауап беру керектігін жеткізді.

    Сонымен қатар, дөңгелек үстел басында аға прокурор Азамат Сұртаев жиналғандарға Жолдау туралы айта келіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңнамаларды жан-жақты түсіндірді. Ал аудандық орталық аурухананың нарколог-дәрігері Мақсат Оразбаев жиналғандарға ішімдіктің және есірткінің зияны туралы айтса, полиция лейтенанты Еркінбек Жайлаубеков жеке құрамға жолда жүру ережесін сақтау  және құқық бұзушылық пен қылмысқа жол бермеу керектігін баса айтты.

    Дөңгелек үстел отырысы соңында тақырыпқа байланысты арнайы шақырылған қонақтар өз ойларын білдіріп, Көкшетау техникалық институтының өрт сөндіру мамандығына жастарды көптеп тарту керектігіне тоқталды.

     

     

    Бүгін аудандық Мәдениет үйінде мұғалімдердің Тамыз кеңесі «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 – білімнің үлесі» тақырыбында өтеді.

     

    ЖАҢА  ОҚУ  ЖЫЛЫ  –  БАСТАМАЛАРДЫҢ  БАСТАУЫ

    Жаңа  оқу жылының  басталуына  санаулы  күндер  қалды. Біздің тілшіміз  аудан  әкімдігі білім бөлімінің  басшысы  Жайдар  Саттарқұлұлы Жазықбаевқа  жолығып, бірер  сауалға  жауап  беруін  өтінген  еді.

    – Жаңа  оқу жылына  қандай  дайындықтар  жүргізілді?

    – Аудандық білім  бөліміне  қарасты 46  білім беру мекемесін 25 мектеп, 15 балабақша, 7 мектеп  жанынан құрылған шағын  орталық және  мектептен  тыс  мекемелер, психологиялық- педагогикалық  түзету  кабинеті  құрайды. Биылғы  оқу  жылында 25  мектептегі  5377  оқушыға 943  мұғалім  сабақ  береді. Олардың 551- жоғары, 132-  арнаулы  орта білімді, 231 ұстаз жоғары,  248  мұғалім  бірінші, 243 ұстаз  екінші санатты, санаты жоқ 221 мұғалім бар. 2017-2018  оқу жылында аудан  бойынша 64 маманға қажеттілік бойынша сұраныс  жасалды. Биыл 750 бүлдіршін  мектеп   табалдырығын  аттамақ.  Жаңа оқу жылына  оқулықтар  алуға жергілікті бюджеттен 52 млн 100 мың теңге, білім  мекемелеріне  жеткізуге 600 мың  теңге  бөлініп, оқушылар оқулықпен 100 пайыз  қамтылады. Білім  ошақтарына 8547 тонна  көмір сатып  алуға 85 млн. 10 мың теңге қарастырылып, 15 тамыз – 30 қыркүйек  аралығында  көмір мектептерге  толық  түсіріледі. Қазандық  операторларының  біліктілігін  арттыруға 1 млн. 292,0 мың  теңге  бөлінді. Операторлар  осы  қаржыға қазан  айының 15-20 аралығында арнайы  курстан  өтеді. Қазандықтағы  өлшеу  құралдары 1-  қазанға  дейін мемлекеттік  стандарттан  өтеді.

    –  Ауданда  аудан  әкімі  Бақытжан  Нүркеновтің  тікелей  қолдауымен мектептерде  жөндеу  жұмыстары  жүргізілуде. Осы  жайлы  толығырақ  айтып  өтсеңіз?

    – 2017-2018 оқу  жылына  күрделі  жөндеу жұмыстарына  республикалық бюджеттен 182 млн 882  мың  теңге, ағымдағы  жөндеуге аудандық  бюджеттен 16 млн. 934  мың теңге  бөлінді. Құмөзек  ауылындағы   Ы.Алтынсарин  атындағы орта  мектепті  күрделі  жөндеу жұмыстары  қолға алынып,  оны  мердігер «Тиберда» ЖШС жүргізуде. Тамыз  айының  аяғында  аяқталады. Ә.Төлепбергенов  атындағы орта  мектебін қоршау  жұмыстарына 3 млн. теңге, К.Қасымов   атындағы  орта  мектебін  абаттандыруға (қоршау) 3 млн. теңге, А.Байтұрсынов  атындағы орта  мектебінің  дәретханасын  ағымдағы жөндеу   жұмыстарына  1 млн. 500 мың теңге бөлініп,  құрылыс  жұмыстары  толығымен  аяқталды. Мыңарал стансасындағы  «Нұрай» балабақшасын  ағымдағы  жөндеу  жұмыстарына 6 млн.303 мың теңге, М.Жұмабаев  атындағы  орта мектебінің   дәретханасын  ағымдағы  жөндеуден  өткізуге 2 млн.150 мың теңге, Қарабөгет  ауылындағы «Айгөлек»  балабақшасының  шатырын  ағымдағы  жөндеу  жұмыстарына 975 мың  теңге  бөлініп, мердігерлері  конкурстық  тәсілмен  анықталды.

    Аудандағы 25  мектептің  23-де  асхана, 2 буфет  бар. 1-3 сыныптарда оқитын 2112  бала ыстық  аспен  қамтамасыз етіледі. Олардың  ішінде 230  бала әлеуметтік  жағынан  аз қамтамасыз етілген  отбасылардың  балалары. Білім  бөліміне  қарасты 25 мектептің  24-де, 15  балабақшаның  14-де  бейнебақылау  камерасын  орнаттық. Бейнебақылау орнатылмаған 1 мектеп пен  1 балабақшадағы және бейнебақылау камераларын жаңартуға 14 млн. 685  мың  теңге қаржы  сұралды.

           – Тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйіні?

    – ХХІ ғасырдың жан-жақты  зерделі, дарынды, талантты  адамын  қалыптастыру бағытында  білім беру  мәселесі  басты  назарда. Мемлекет  басшысы Н.Ә.Назарбаевтың  білім  сапасын  дамытуға деген  ерекше  қамқорлығының  арқасында білім  беру жүйесіндегі  маңызды  мәселелер  дер  кезінде шешімін  табуда. Еліміз  мәңгі жасау  үшін қабылданған «100 нақты қадам—Ұлт  жоспарында», Жолдауда  көрсетілген міндеттерді  орындау  білім  саласы қызметкерлерінің  басты  міндеті. Аудан  мектептеріндегі  ұстаздар  қауымы  білім  мен тәрбиені  ұштастыра   отырып, жетістіктерге  жету  мақсатында  аянбай  еңбек  етеді деп  сендіргім  келеді.

       — Әңгімеңізге  көп  рахмет! Жаңа  оқу  жылы жемісті  болсын.

           Әңгімелескен  Жолдыбай   ДӘМЕТОВ.

     

     

     

                           

     

     

                                БОЛАШАҚҚА БАҒДАРШАМ

                Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-халықтың әл-ауқаты, сыртқы саясаты, экономикасы, білімі басты назарда болды. Егемен елдің символы болатындай, жоқ-жітігіміз түгенделді.  Көп кешікпей, бір жыл-мәдениетке арналып, ретімен мәдени және рухани дәстүрлерімізді қайта жаңғырту процесі басталды. 2004 жылы-Елбасы-білімнің әр саласы бойынша, «Мәдени мұра» бағдарламасын қолға алды. 100 томдық-«Бабалар сөзі» сол уақыттың жемісі. 2013 жылы-«Халық-тарих толқынында» атты бағдарламасы арқылы, әлемнің ірі архивтеріндегі еліміздің тарихы жайлы құжаттарды жинақтап, зерттеуді тапсырды.

    Ел Президентінің  кеше ғана жарық көрген «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – Елбасының биылғы жылғы Жолдауының табиғи, рухани жалғасы. Президент мақаласының жарық көре салып, барша оқырманның, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатқаны да  кездейсоқ емес.

    «Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым. Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін»-деп басталатын, Елбасы мақаласы екі тараудан тұрады. «ХХI-ғасырдағы ұлттық сана туралы»-деген атпен берілген, алғашқы тарауда: Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы сияқты алты мәселе көтерілген. Ал, «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екінші тарауда: латын әліпбиіне көшу, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, Туған жер бағдарламасын қолға алу, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын жасау және жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет қалыптастыру сынды нақты міндеттер жазылған. Осы бағдарламалар мен міндеттерді егжей-тегжейлі саралай келе, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:»Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы-болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ- жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.» деп түйіндеген. Сондықтан да,біздер, мақаланы зерделей, талдап оқығанымыз жөн.Енді Елбасы мақаласында өзі айтқандай, ауқымды және іргелі жұмыстарды  бастағалы отыр. Жоғары оқу орындары үшін, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын, гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша, әр тілдегі -Әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тілінде  шығару мүмкіндігі қарастырылуда. Халықтың тілі, тарихы, төл мәдениеті, дәстүр-салты, жоралғылары, музыкасы, жазба мұрасы, ұланғайыр даланы біздерге мирас етіп, сұқ көздерден, жат жұрттан  ұрпағын қорғаған бабалардың ұлағаттары,  – рухани құндылықтардың көзі. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, жыр Жамбылдың жырлары, Құрманғазының күйлері т.б. ешуақытта мазмұнын жоймақ емес. «Қазақ»-деген мемлекеттің-Хантауында тұңғыш ту тігуі,  сол жолдағы, содан бергі небір шайқастар,  бабалардың асқақ арманы, кешегі-тәуелсіздік жолындағы ер Қайраттың, барлық желтоқсаншылардың, барша алаштықтардың, біртұтас ұлттың үні бар, бұл мақалада. Бабалардың ұлттық коды-біздерге аманат. Тәуелсіздік алған жиырма бес жыл ішінде, әр салаға кезең-кезеңімен реформа жасаған Елбасы, бұл мақаласында рухани жаңғыруға ерекше мән беріп,-болашаққа бағдаршам етіп алғандай. Бұл мәдениет қызметкерлері үшін, сондай-ақ, кітапханашылар үшін де, ерекше серпіліс, үлкен  белес, зор міндет деп білеміз.  Елбасы: «Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы да айтамын:

    Кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі, оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өрісін кеңейтеді.»-десе, ақын Олжас Сүлейменов: «Кітапхана өркениеттің ең басты тегершігі – кітаптарды сақтап келді және ол мәдениеттің тұтқалық қазынасы болып табылады. Сондықтан да, дәл қазір біз оның адамзат өміріндегі маңызын бұрынғыдан да терең сезінуіміз керек»,-деген екен.

     

     

    ЖАСТАР ҮШІН ЖОЛ АШАТЫН БАҒЫТ

    «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауымен танысқаннан кейін оның бізді жаңа қадамдарға бастайтын маңызды құжат екенің сезіндік. Бұл стратегиялық құжат мемлекеттің өркендеуіне негіз қалауымен бірге, аймақтардың да дамуына жол ашатын басым бағыттарды айқындайды.

    Жолдауда атап айтылғандай, жаңару мен жаңғырудың даңғыл жолына түскен егемен еліміз Тәуелсіздік алған ширек ғасырдың ішінде өзін бүкіл әлемге қуатты, ілгері дамыған, ынтымағы жарасып, ырысы артқан мемлекет ретінде танытты. Әрбір қазақстандықтың осы береке-бірлік пен саяси тұрақтылықты одан әрі нығайтып, еліміздің іргесін бекіте түсуі қажеттігі де алға бағыт ретінде ұсынылады.

    Биылғы Жолдауда жастарды қуантар жайттар көп. Әсіресе «Нұрлы – жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасының баспанамен қамтамасыз етілуі туралы жоспар бізді тағы қуантты.

    Жолдаудағы «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс. Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар», – деген Елбасы сөзі жаңа жұмыс орындарын меңзеп тұр дегенді білдірсе керек.

    Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары бар. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады.

    Президенттің сөзіне сүйенсек, Үшінші жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болып отыр.

    Әлеуметтік салаға шығыстар ішкі жал­пы өнімнің 6 %-нан 10%-ға дейін артты. Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа дейін ұзарды. 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй берілді.

    Қазақстан 2007 жылдан бастап индекстелетін ДЭФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде біз өз жағдайымызды 61-позициядан (2007 жылы) 53-позицияға дейін (2016 жылға қарай) жақсартып алдық. Алда бұданда жақсы көрсеткшітерге жетеміз деген ойдамыз.

     

     

     

    Жолдау: дамудың даңғыл жолы

    ЖАСТАРҒА ЖАСАЛҒАН ҚАМҚОРЛЫҚ

          Қазақстан халқына арналған Президент Н.Ә.Назарбаевтың«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»атты Жолдауы жылдың ең басты жоспары және халқымызды айқын бағытқа жұмылдыратын темірқазық деуге болады.

    Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауын ел дамуындағы алынған белестер мен жеткен жетістіктерді мақтанышпен еске сала отырып, білім беру саласын ары қарай жалғастыра беруге зор мүмкіндіктер жасалынатындығын алға тартты. Басты құжатта айқындалған басымдықтар жастардың ертеңгі күнге деген сенімін оятады. Жолдауда баспанамен қамту жайы, жұмыссыздықпен күрес жүргізу үшін тегін техникалық білім берілетіні, өз кәсібін ашамын деушілерге жасалатын мүмкіндіктердің  бәрі де жастарды жігерлендіреді.  Білім беру жүйесін сапалық жаңа дең­гейге, әлемдік межеге көшіру қажет екенін сараптаған Елбасы «IT-білімді, қаржылық сауат­­ты­лық­ты қалыптастыруға, ұлт­жан­дылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек», деп оқу орын­дарын­да жаңа технологиялармен бір­ге, ұлттық құндылықтар жүйе­сін жас буынның санасына сіңі­ру парасатты қадам екендігін түсіндіре кетеді.

    Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапа­сының алшақтығын азайту қажеттігін атап өткен Елбасы әлемдік өркениетке ағылшын тілі арқылы төте шығуды мең­зеп, басқаның тіліне, ақпаратына бағынышты болмай, тәуелсіз елдің түлектері жаңаша таң­дау жасау керектігін, еркін көз­қараста тәрбиелену қажеттігін пайымдайды.

    Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру туралы шегелеп айтқан Елбасы «Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бас­та­ды. Тегін оқытумен ең әуе­лі жұ­мыс­­­сыз және өзін өзі тиім­сіз жұ­­мыспен қамтыған жас­тар, сон­дай-ақ кәсіптік білімі жоқ ере­сек адамдар қамтылуы тиіс» деп қо­ғамымызды ширақ қозға­лы­сқа енгізіп, жұртымызды іскер, ша­руақор, өндіруші елге айналды­ратын алғышартты нұсқады.

    Елбасы көтерген мәселенің дер кезінде орындалатынына сенімдіміз. Ынтымақ пен бірлік болса барлығы болатыны анық.

    Сүндетулла ӘБІЛОВ,

    «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы,

    Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.

     

     

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай енгізіледі?

       Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 31 қаңтар 2017 жылғы « Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Енді  алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз» деп атап өтті. Жолдаудағы 5 басымдықтың төртінші басымдығы- адами капитал сапасын жақсарту. Биылғы 1-шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымды медициналық қызметтер ұсынылады, оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

    Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек.  Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне МӘМСЖ-і аясында тең жағдай туғызу керек. Елбасы Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.

    Мемлекеттің қорға аударатын жарнасының мерзімі 2017 жылғы 1-шілдеден 2018 жылдың 1-қаңтарына ауыстырылды. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке наториус, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың  қорға төлейтін аударымдары мен жарналарының мерзімі 2017 жылғы 1-қаңтардан 2017 жылдың 1-шілдесіне ауыстырылды. Сондықтан 1-қаңтар 2018 жылдан 3,75%-ға, 1-қаңтар 2019 жылдан 4%-ға, 2022 жылдың 1-қаңтарынан 4-5%-ға жарна аударылады. Жұмыс берушілер 2017 жылдың 1-шілдесінен 1%, 2018 жылдың 1-қаңтарынан-1,5 пайыз, 2020 жылдың 1-қаңтарынан 2%, 2022 жылдың 1- қаңтарынан 3%  жарна аударады.

          2018 жылдан бастап осы әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін бүкіл медициналық қызметтер екі-үш пакеттерге бөлінеді. Алдымен базалық, яғни барлық азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде көмек, жедел-жәрдем қызметі, аурудың алдын алатын екпелер сияқты кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіледі.  Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулар: адамның иммунды тапшылығы вирусы, В, С вирустық гепатит, онкологиялық аурулар, қант диабеті, психикалық ауытқушылық, балалардың церебралды сал ауруы, алғашқы алты айдағы миокард инфаркті, ревматизм, орталық жүйке жүйесінің бірқатар аурулары және айналасына қауіпті саналатын жұқпалы дерт түрлерімен түскендер тегін қаралып, емделеді. Екінші, емханалық, стационарлық емдеу, оңалту шаралары мен паллиативтік күту, жоғары технологиялық көмек пен мейірбикелік көмек түрлері медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры арқылы жүзеге асады. Қордың жұмысын мемлекет қадағалайды. Бұл қорға жұмыс берушілер тарапынан қаржылар түсе бастайды. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық мекемелер осы қордың есебінен қаражат алатын болады.

    Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу Жол картасы Ұлт жоспары 100 нақты қадамның негізінде жасалды. Енді жекеменшік клиникалар да барша тұрғындарға есігін айқара ашады.

    Бюрократиялық кедергіге жол бермес үшін елімізде жекеменшік клиникалар құқығын қорғайтын Ұлттық кәсіпкерлер палатасында денсаулық сақтау комитеті құрылды.
    Жекеменшік клиникамен қатар  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қасынан барлық медицина мекемелерінің сапасын қадағалап, инновациялық емдеу тәсілдері, жаңа технология енгізу, маман тапшылығын жойып, олардың деңгейін көтерумен айналысатын комиссия құрылады.  Ол пікір алмасатын жаңа әдістерді, жаңа технологияларды енгізетін, оларды қаржыландыру, сапаны жақсартатын, күшейтетін, бір шешім қабылдайтын, пікір алмасатын ұйым болады.

    Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы басты мәселелердің бірі. Сондықтан да медицина саласындағы реформалар халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.
    Медицинада атқарылар жұмыс аз емес. Болашақта әлеуметтік медициналық сақтандыру шаралары сәтті жүзеге асса, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, аурулардың алдын алу мен күрделі ауруларды емдеу ісі одан әрі ілгерілей түседі.

    Б. ӘБІШЕВА,

    орталық аурухана бас дәрігерінің

    аудит жөніндегі орынбасары. 

     

     

    ҮШ ТІЛДЕ ОҚУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

            Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың  31 қаңтарында  «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын жариялады. Бұл мән-маңызы жоғары құжаттың Қазақ­станды одан әрі дамыта түсу­дегі рөлі ерекше деп ойлаймын.

    Қазақстан жаңғырудың бірінші және екінші кезеңдерінен сәтті өтті. Сондай-ақ, Қазақстан әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлды­рауынан туындаған қаржылық қиындықтарға қарамастан, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқасында экономикалық өсімге қол жеткізе білді.
    Президент Н.Назарбаев алдағы кезеңдерде елді одан әрі дамыта түсу үшін тарих қойнауына енген соңғы 25 жылдағы жетістіктерді ескере отырып, «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы не­гі­зін­де Төртінші өнеркәсіптік револ­юция талаптарын еңсеру мақ­сатында Қазақстанның Үшінші жаңғыру міндеттерін күн тәртібіне шығарды. Жолдауда бес басымдық­қа ерекше тоқталды.
    Елбасымыз  білім беру саласына ин­вес­тиция салуға үнемі басымдық бе­ріп келеді. Бұған қоса Қазақстан Тәуелсіздігі­нің 25 жылында жетекші рөлге ие бол­ған адами капиталдың маңыз­ды еке­ні­не әрдайым баса назар аударады.
    Жолдауда көзге бірден түсетіні – үш тілде білім беруге біртіндеп өту мәселесі. 2019 жылдан бас­тап 10-11-сыныптарда сабақтар ағылшын тілінде жүргізілмек. Бұл – негізінде дұрыс шешім. Өйт­кені, біз қаласақ та, қаламасақ та ағылшын тілінің қолданыс аясы күн санап өсіп келеді.
    Сондай-ақ, Төртінші өнеркә­сіптік революцияға дайындық ая­сында оқыту жоспарларын қай­та қарау Қазақстанның Үшінші жаң­ғыруының табысты жүргізілуіне мүмкіндік береді.

    Жайдар ЖАЗЫҚБАЕВ,

    білім бөлімінің басшысы, «Нұр Отан» партиясы

    аудандық филиалы Саяси кеңесінің бюро мүшесі.

     

     

     Рухани жаңғыру – мәдени жаңғыру

    Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бойынша Кеңес ауылдық округінде іс-шара жоспары жасалып, әр түрлі тақырыпта жиналыс, дөнгелек үстелдер, ауыл ішінде  көше комитеттерінің ұйымдастырумен түсіндіру, насихаттау, талқылау жұмыстары  жүргізілуде.

    Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласының екінші бөлімінде таяу жылдарға орындалатын  міндеттер қойылған. Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағи­да­ларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруды, осыған байланысты алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынды. Оның ішінде бесінші жобасы заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті.

    Елбасы өз мақаласында «ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт» боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы сая­сат­тағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деп атап өтті.

    Отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт. Бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс. Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керектігі, бүгінгі замандастарымыздың жетіс­тік­терінің тарихына да назар аударуды ұсынды. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде,   Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.

    «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады. Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнері­мен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағына үлкен мән береді.

    Ауылдық округте бекітілген іс шараға байланысты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асыруда «Ақ-отау» шаруа қожалығының жетекшісі У. Беркінбаева мен «Береке» шаруа қожалығының жетекшісі А. Әбітаев ауылдың  әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне  үлкен үлес қосқандары үшін  есімдері, олардың өмірбаяны, жеткен жетістіктері  баяндалып аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлміне жолданды.

    Ауыл тұрғындарының көптен күткен сұранысы, ауылға мәдениет ошағы -150 орындық  клуб ғимаратын соғуға аудан бюджетінен 6 миллион теңге клубтың сметалық  жобасын жасауға  бөлінді. Осы қаржы парталға салынып, конкурс арқылы  жеңімпаз «Лидер проект дизаин» ЖШС анықталып, аталған мекемемен келісім шарт жасалды, жұмыстар жүргізілуде.

    Ауыл кітапханасында, әкімшілік ішінде орналасқан клуб бөлмесінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сай арнайы стенд, буклеттер ұйымдастырылған, мәдени іс шаралар өткізілуде. Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы дөңгелек үстел,  «Қазақ тілінде 100 жаңа оқулық», «Әлемді кітап аркылы танимын» әдебиет байқауы, «100 жаңа есім», «Руһани  жаңғыру – ұлт болашағы», «Биназар  баба өңірі- киелі жер»  тақырыбтарында  дөңгелек үстел  өткізілді.

    «Рухани жаңғыру – мәдени жаңғыру»  ұлтымыздың болмыс келбетін, мәдениетіміздің жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің бүгіні мен болашағы.

     

     

     

    РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАРҚЫН ЖОЛЫ

         Жақында аудандық Спорт кешенінде Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы дене тәрбиесі бірлестігі мұғалімдері мен Мойынқұм аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитеті бірлесе «Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты аудандық мұғалімдер арасында волейболдан жарыс өткізді. Жарысқа ауыл мектептерінен 10 команда қатысты.

    Жарысты мектеп-гимназия директоры Нұртас Саурықов ашып, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бүгінгі күні өзекті де, өмірлік маңызы бар екендігіне тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

    Командалар «А», «Б» тобына бөлініп, ойын көрсетті. Ойын тартысты да қызықты өтті.

    Жарысты мектеп-гимназия директоры Н.Саурықов қорытындылап, жеңімпаз командаларды бағалы сыйлықтар, дипломдармен марапаттады. Олардың қатарында І-орынды Алтынсарин мектебі, ІІ-орынды Спорт мектебі, ІІІ- орынды Т.Рысқұлов тірек мектебі иеленсе, М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің командасы да жақсы ойын өрнегін көрсеткенін айта кеткен жөн.

    Б.МАНАПБАЕВА,

    Жамбыл мектеп-гимназиясы кәсіподақ

    ұйымының төрайымы.

    Мойынқұм ауылы.

     

     

     

    ЖАҢҒЫРУ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАЙТЫН ҚҰБЫЛЫС

        Жуырда аудандық Мәдениет үйінде облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-насихат тобы Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттауға арналған жиын өткізді. Жиында облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Г.Мұхтарқұлова баяндама жасады.

    -Қоғамдағы рухани жаңғыру, рухани өзгеру ең алдымен, қоғамдық және дара сананы түбегейлігі мағынадағы жаңғыртудан басталады. Ал сананың жаңғыруы әрбір адамның ақыл-ойында, жаны мен жүрегінде өзгерісті қажет етуді түсінуінен бастау алады. Алдымен адамның өзін-өзі өзгертуіне талпынуы шарт. Әлеуметтік прогрестің бастауы адамның  рухани әлемінде, адам бойындағы ішкі мазмұндық сипаттағы өзгерістер мен болмыстың өзгерістер құндылықтың дүниемізді түбегейлі қайта қалыптастырады. Жаңғыру қоғамын, мемлекеттің, әрбір азаматтың жаңа сапалы деңгейдегі даму сатысына көтерілуі. Бұл мәселені Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өзектендіріп көтерген еді. Сан ғасырлық тарихы бар, атадан-балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, діни ұстаным мен тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, жаңа заман талаптарына сәйкестендіріп, бейімдеп дамудың тағы бір сатысына көтерілу мақсатына айқындалды. Яғни ұлттық кодты сақтай отырып, келешек жастардың жүрегіне ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімін ұялату  межесі тұр -, деді Гүлсара Рахымжанқызы. Содан соң ішкі істер ардагерлер кеңесінің төрағасы Өрнек Смайылов бағдарламалық мақала төңірегінде өзінің пікірін білдірді.

    – Кез-келген жаңғыру күрделі әлеуметтік және мәдени құбылыс. Жаңғыру әлем тарихында дәстүрлі қоғамның заманауи қоғамға ауысуының бүкіл әлемдік тарихи үдерісі. Бұл үдеріс шамамен XVI ғасырдан бастау алған деді ол.  Ал облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Елнұр Зайнуллин өнер және қосымша білім беру мектебінің директоры Сержан Садуақасовқа, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ғалия Шубаеваға аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторы Нұрбол Нұрғожаевқа, полиция қызметкері Нұржан Әжбадановқа департаменттің Алғыс хатын тапсырды.

     

     

    БІР СӘБИ – БІР АҒАШ»

          Өткен аптада аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған обелискте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бір сәби – бір ағаш» жобасы бойынша үстіміздегі жылы туылған он үш сәбидің атынан ағаш отырғызу рәсімі болды.

    Рәсімде алдымен сөз алған аудан әкімі Бақытжан Нүркенов: «Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан аумағын жасыл желекке айналдыру,өскелең ұрпақтың бойында туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, Жер ананы аялауға шақыру, патриотизмді нығайту мақсатында «Бір сәби- бір ағаш» жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Жобаның мақсаты дүниеге жаңа келген нәрестеге «Ағаш бұтақтарындай жайқалып өсіп-өнсін» деген ниетті білдірді.

    Бүгінгі іс шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егер біздің азаматтарымыз өздерінің ауыл маңдарында, өз үйлерінің айналасына барлық облыс, аудан, қала, ауыл орталықтарында жыл сайын ағаш отырғызатын болса, біз жасыл ел құрамыз. Мен мұны үлкен іс деп санаймын. Барша қазақстандықтарды жыл сайын ағаш отырғызуға шақырамын» деген сөзін қолдайтынымызды айқындайды деді.

    Содан соң сөз алған еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Күлдіманас Еркебаев, мойынқұмдық жас ана Назгүл Әлиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев жобаның маңызы мен мәніне тоқталып, бұл үрдіс өміршең болсын деген ниеттерін жеткізді.

    Мұнан кейін арнайы өңделген жерге он үш сәбидің ата-аналары жасыл шырша көшетін отырғызды.

     

     

     

     

    © 2015 Информационный портал аппарата акима Мойынкумского района