Аудан тарихы

Аудан тарихы

Аудан тарихы туралы қысқаша дерек.

 

1964 жылы 31-желтоқсанда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Қаулысына байланысты, бұрынғы Көктерек ауданының аумағында қазіргі Мойынқұм ауданы құрылды. Аудан орталығы Фурмановка селосы болды…

 

 

Ауданның географиялық сипаттамасы

 

Мойынқұм ауданы Оңтүстік Қазақстанның орталығына жуық 40-46 градус солтүстік енділікпен 68-74 градус шығыстық-бойлық аралығына орналасқан. Ауданның шығысынан-батысына дейінгі қашықтық 330 шақырым болса, ал оңтүстігінен-солтүстігіне дейін 275 шақырым қашықтықты алып жатыр. Аудан солтүстік жағынан Қарағанды облысынан 190 шақырым қашықтықты қамтитын аумағымен шектессе, Солтүстік Шығыс бөлігінде Балқаш көлінің 115 шақырым жиегін қамтитын жерлерді басып өтеді. Ауданның оңтүстік-шығыс шекарасы Алматы облысының 140 шақырым жерімен шектесіп жатыр және 40 шақырым қашықтықта облысымыздың Қордай ауданының жерін жиектейді. Оңтүстік шекара қашықтығы 180 шақырым Шу, 120 шақырым Т.Рысқұлов аудандарының жерімен шектеседі. Ал оңтүстік-батыс және батыс жағынан қашықтығы 250 шақырым созылған жерлерде Талас ауданының шекарасымен, батыс және терістік-батыс бөлігінде ұзындығы 250 шақырымға шамалас Сарысу ауданының жерімен шектеседі. Жалпы алғанда ауданның шекарасының ұзындығы 1285 шақырымға жетіп, территориясының жалпы көлемі 59 330 шаршы км-ге тең.

Аудан бойынша 1- қаңтар 1970 жылға халықтың саны-46 517 адам болды.

Мойынқұм ауданы облыс территориясының 42 пайызын алып жатыр, яғни жер көлемі бойынша облыста бірінші орында, ал халқының саны жағынан сегізінші орында. Аудан территориясының көлемі Батыс Еуропадағы Голландия, Бельгия, Люксембург және Манако сияқты майда мемлекеттердің жерімен тең деуге болады.

 

Ауданның  табиғи ресурстары

 

Мойынқұм ауданының жер қыртысы әртүрлі. Ауданның оңтүстік –шығысы мен батыстарында жоталармен қыраттар биік үстірттер кездеспейді. Оның есесіне жал-жал боп жатқан құмды төбешіктер, бұйраттар кездеседі, ал солтүстік-шығыспен Балқаш көлінің оңтүстік жиегін алып жатқан алқапта Шу-Іле тауының сілемдері көп жерді алып жатыр. Қырғыз Алатауының бір тармағы болған, теңіз деңгейінен 1800 м биік. Айтаудан биіктігі 1053 метрлік Хантау бөлінеді. Бұл таудан Жиек деп аталатын қырат басталып, бірнеше ондаған шақырымнан кейін Желтау және биіктігі 947 метрлік Жамбыл тауымен жалғасады. Одан әрі Қойжарылған, Майжарылған, Байғара, Шағырлы деген шөлейтті әр қыратты жерлермен ұштасады.

Аудан көлемінде Шудан басқа да өзеншелер кездеседі. Олар Былқылдақ, Сарыбұлақ, Ақсүйек, Қияқты, Қарасай, Шынтас,бұлардың қайсысы болса да мал суаруға пайдаланылады. Алайда олардың көбісінің суы ашқылтым немесе тұзы аздау өзеншелер. Тек Сарыбұлақ пен Қарасайдың суы ғана тұщы. Дегенмен жаз айларының соңына таман бұл өзеншелер жылғалардың көпшілігінің суы тартылып қалады. Мойынқұм ауданында көлдер көп. Олардың ішіндегі ең үлкені әрине Балқаш көлі. Оның ауданға қарайтын бөлігінің жалпы көлемі 304 шаршы км, тереңдігі 8-12 м. Көлдің батыс жағалаулары құламалы жартасты болып келеді. Олардың ішінде әсіресе Қарақамыс, Қашқантеңіз, Шөмпек деген шығанақтар басқалардан гөрі көлемді. Көлдің жағалауларындағы мүйістер- аралдарда пішендер аз емес. Көлден ешбір өзен немесе өзенше мен жылға ағып шықпаса да, жаз айларында күннің ыстығынан Балқаш көлі аздап тартылады. Дегенмен оған келіп құятын Іле, Қаратал, Лепсі және Аякөз өзендерінің суы молдығынан Балқаш көлі көп болғанда өз арнасынан 0,40-0,77 мм-ге ғана төмендейді. Оның өзі де маусым-шілде айларында ғана, Балқаш көлі көбінесе желтоқсан айының орта шенінен мұз боп қатып, сәуір айының аяқ шені еріп түсіп кетеді.

 

Көне тарихқа көз салсақ.

 

1903 жылы Гуляевкада қазіргі Мойынқұм ауданының орталығы Фурмановка селосында 4 үй болған. Олардың ең алғаш қоныстанған орта дәулетті шаруа Гуляев Федор Яковлевич деген кісі. Бұған дейін Ф.Я.Гуляев Қырғызстандағы Шалдуардан жыл сайын жаз айларында малын айдап келіп осында бағып жүрген. Кейін осы маңайда қоныстанып бір-жола тұрып қалады. Гуляевкамен қатар пайда болған Алексеевка селосы. Фурмановка селосының батысында 30 шақырым жердегі қазіргі «Маяк» участогі. Жергілікті халық ондағы немістердің көптігіне байланысты көбінесе оны неміс селосы, ал ондағы базарды неміс базары деп атап кеткен.

1925-1926 жылдары уақ болыстарды ірілендіру, болыстық советтің атқару комитеттерін ұйымдастыру, әкімшілік басқару орындарының аумақтарын белгілеу істері жүргізілді. Сол жылдары 18 старшин елді / кейін ауыл советі аталды/ қамтитын Аққолтық, Ағашақ, Жалайыр болыстары біріктіріліп Гуляев сельсоветі құрылды. Оның орталығы бұрынғы Гуляевка / қазіргі Фурмановка селосы болды/.

Селода сол кезде 40-50 ғана үй болған. Бұл сельсовет алғашқыда Гуляев сельсоветі, кейіннен Гуляев подрайоны деп аталған. Сельсоветтің подрайон болып ресми аталғандығы жөнінде мұрағаттық құжаттар сақталған. Гуляев подрайон болған жылдары Гуляевка селосы өзінше бір ауыл / село/ болып, оның алғашқы басшылығына Василий Гуляев сайланған.

Гуляев селолық Советіне немесе подрайонына 6 ауылдық Совет қамтыған бұрынғы 18 старшина ел қараған.

1925 жылдың аяғында Көктерек болысындағы елдерде – Көкірек ауыл Советі құрылып, Жетісу облысы, Алматы уезі Шоқпар подрайонына қараған.

Жалайыр болысы да ауылдық Совет болып қайта құрылды. Бұл ел Совет Өкіметінің алғашқы жылдары қазіргі Жамбыл атындағы совхоз орталығы маңында Алайғыр тоғанын қазып, қырықшақты үй егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқан.

1922-1925 жылдары №4 ауылда «Союз» қосшы ұйымы құрылған. Қазіргі «Талдыөзек» совхозының «Шорман аралы» деп аталатын жерінде халық жиі қоныстанғандықтан, бұрынғы мешіті 1927 жылы мектепке айналдырып, онда 30 шақты бала оқыған. Қазіргі «Фурманов» атындағы совхоздың «Ерназар» участогіндегі елді мекенде сол жылы бастауыш мектебі ашылған.

Қазіргі «Талдыөзек» совхозының территориясында Қылышбай деген әрі ақын, сөзге шешен адам болған. Жамбыл атындағы совхозда Бектас деген жыршы, Зікір деген балуан, «Құмөзек» совхозының территориясында Дүрмішев Молдабек деген ақын болған. «Көктерек» совхозынан арғы елдерде Кенжеқожа, Сауытбек, Жидебай деген ақындар болған. Олар төменгі Шуды жиі-жиі аралап өз өнерлерін ортаға салып жүрген. Сауытбек әрі әнші, композитор болған. Оның «Ақбөпе» деген әні Мойынқұмның «Бескепе» деп аталатын жерінде шығарылған. Белгілі қазақ-совет ақыны Иса Байзақов Сауытбектің «Ақбөпе» әнін шығарудағы оқиғасын «Ақбөпе» поэмасын жазуға сюжет етіп алған. Сонымен қатар қазіргі «Мойынқұм» совхозының орталығынан шығысқа қарай 14-15 шақырым жердегі «Құралай сұлудың бейітіне» байланысты «Құралай сұлу» поэмасын жазған. Шу бойындағы осындай өнерпаздардың өнерінің дамуына Октябрь революциясының алдында ғана келіп қайтқан композитор әрі әнші Балуан Шолақтың ықпалы өте күшті болған. Ол Көкшетау шонжарларының қуғындауынан бой тасалап Шу бойына, Сәмбет елінде 3-4 жыл жүріп қайтқан.

1928 жылдың басында Сырдария губерниясы жойылып, оның орнына территориясына аздаған өзгешеліктер ендіріліп, Сырдария округі құрылды. Бұл округке ендірілген 21 аудан қарады. Соның бірі 1928 жылғы 23 маусымда құрылып, орталығы қазіргі Новотроицк болған Мойынқұм ауданы еді. 1924 жылдан бастап болыс деген ат жойылды. Ауыл немесе селолық Совет атқару комитеті деген атқа ие болды. Әкімшілік, басқару орындары, соның ішінде Гуляев подрайоны 18 ауылды қамтыған 6 ауыл Советі біріктірілді. Ірілендірілген бұл селолық Совет атқару комитетіне немесе подрайонына қазіргі Шу ауданының батыс бөлігін, төменгі Шу өзенінің сол жағасындағы елді мекендердің барлығы да кірді. Жаңа құрылған Мойынқұм ауданына Гуляев подрайонына қарасты 6 ауыл Совет 18 елді мекенінен басқа 31 елді мекен қараған 12 ауыл Совет қарады. Аудан Сырдария округіне бағынды. Ал Шу өзенінің оң жақ бетіндегі елді мекендер Алматы округіне қарасты Шоқпар ауданына қарады. Бұл ауданның орталығы алғашқы кезде Көктөбе ауылы, кейіннен Воскресенское / қазіргі Ленинское / селосы болды. Сол кездегі мұрағаттық құжаттарына қарағанда 1929 жылы Шоқпар ауданына Мойынқұм жеріндегі Көкірек ауыл Советі қарап келген. Шоқпар ауданына ол жылдары қазіргі Мыңарал кентінің халықтары да қарап келген.

1930-1931 жылдары көшпелі елді отырық тандыру, әкімшілік-басқару органдарын жетілдіру, территориялық шекараларды анықтау істері барған сайын маңызды іске айналды. Сондықтан жеке қожалықтарды жаппай коллективтендіру, партия Совет органдарының экономикалық және мәдени құрылыс ісіне басшылығын барынша арттыру мақсатында 1930 жылы тамыз айында СССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Советі округтерді жою, оның орнына ірілендірілген аудандар құру туралы қаулы алды. Осыған байланысты Қазақстандағы 13 округ, оған қараған 193 ауданның орнына орталыққа тікелей бағынатын ірілендірілген 121 аудан құрылды. 17 желтоқсан 1931 жылы Сырдария округі мүлдем жойылды. Сол аудандастыру кезінде 10 артель, бірнеше серіктері бар бұрынғы Мойынқұм мен Шоқпар аудандары 1931 жылдың аяғында бірігіп, Новотроицк селосы аудан орталығы болып қала берді. 49745 адамы бар бұл аудан 20 ақпан 1932 жылдан бастап, 1939 жылдың 14 қазанына дейін, яғни Жамбыл облысы құрылғанға дейін Алматы облысының аумағына енді. Өйткені аудандарды басқару жұмысын жеңілдету үшін 1932 жылдың қаңтарында ВКП /б/ Орталық Комитеті Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарын құру туралы қаулы қабылдаған болатын. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің екінші сессиясы 1932 жылы аталған қаулының жүзеге асуын қамтамасыз етті.

Гуляевка селосынан 30-35 шақырым төмен №18 ауылға қарасты бұрынғы Алексеевка селосында 1926 жылы ұйымдасқан бұл серіктіктің негізгі шаруашылығы мал өсіру болды. «Маяк» серіктестігі 1932 жылға дейін өмір сүрді.

1928 жылдың күзінде Мойынқұм ауданындағы ірі оқиғаның бірі орталықтан Ораз Жандосов, Жүсіпбек Арыстанов, Қаратаев, Есболов деген коммунистердің келуі болды. Олар Шу бойындағы елдерді аралап колхоз, «ТОЗ», малсеріктік ұйымдастыруға елді үгіттеп, «Союз қосшының» жұмысын жақсартуға бағытталған практикалық көмек көрсетті. Шу өзенінің ар жақ-бер жағындағы Гуляев селолық, Қызылтал ауылдық Советтері мен Төменгі Шудағы халықтардың өкілдерін жинап, қазіргі «Құмөзек» совхозы орталық шығысындағы 10-15 шақырым жердегі «Ботабай» күмбезінде 3 күндей мәжіліс өткізді

Гуляевка селосының төңірегіндегі 4 «хозауыл» ұйымдастырылды. Олар көбінесе Құмбел, Желдиірмен, Қоралас деп аталып жүрген серіктіктер еді. Бұлардың барлығы да 1931 жылы «Семейсозақ» деген артельге келіп бірікті. Ораз Жандосов Көкірек ауыл Советіне қарасты Жиекті мекендеген елдерді аралап, ол жерлерде де мәжілістер өткізіп, комиссиялар құрған. Ораз Жандосовтың Шу өңірінде болуы конфискация мен шаруашылықты коллективтендіру ісін жеделдетуге үлкен әсер етті.

1929-1930 жылдары бұрынғы №6 ауыл /қазіргі Бірлік селосы/, «Ұзынтоған» деген жаңа серіктік ұйымдастырылды, ол 1932 жылы «Коминтерн», «Көркей», «Көлтабан», «Бірлік» деген колхоздардың ірге тасын қалады. Қазіргі «Айдарлы» совхозының орталық усадьбасы бұрынғы №1 ауыл 1920-1925 жылдары Көкірек болысына, 1925-1930 жылдары Көкірек ауыл Советіне қарап, шаруашылықты коллективтендіру ісін қолға ерте алды. 1929 жылы бұл жерде «Айдарлы» деп аталатын 27 жеке қожалықтан серіктік ұйымдастырылды. Бұрынғы Сталин атындағы артель болған жерге қайтадан біріктіріп, «Кеңес» деген колхоз ұйымдастырды. Бұл колхоз «Биназар» тоғанынан су шығаруға қолайлы «Айдарлының» 3-4 шақырым батысында, Шу өзенінің оң жақ жағалауына келіп түпкілікті қоныстанды.

1930 жылы Қызылтал ауыл Советіне қараған қазіргі Жамбыл атындағы совхоздың «Ынталы» участогіндегі Жәнібек деп аталатын ел артельге ұйымдасты. Артельдің негізін сол жерде 1928 жылы ұйымдасқан серіктігі қалады. Қазіргі Аманкелді атындағы кеңшарын мекендеген елдерде 1930 жылға дейін-ақ серіктіктер ұйымдаса бастаған. Кеңшардың қазіргі Қызылту селосында, яғни бұрынғы Ақдала ауылында, оның оңтүстігінде Шу өзеніне таман 3-4 шақырым жердегі елді мекенде 1929-1932 жылға дейін «Қызыл жұлдыз» және «Ұмтыл» деп аталатын мал серіктері болды. 1932 жылы бұл серіктіктер бірігіп «Қызыл октябрь» артелін ұйымдастырды.

1930-1931 жылдары қазіргі «Талдыөзек» совхозынының аумағында Карл Маркс атындағы және «Талдыөзек» серіктігінің ұйымдастырылған.

Осы күнгі «Құмөзек» совхозының аумағындағы серіктіктер 1929-1930 жылдары ұйымдасқан. Совхоз орталығы тұрған жерде ерте кезде №19 ауыл болған. 1928-1930 жылдары қазіргі «Қарабөгет» совхозының территориясында №20 ауыл тұрған.

Айдарлы колхозына жалғас жатқан «Кеңес» колхозы 1933 жылдың көктем айында 31 үйден қайта құрылып, жыл өткен сайын экономикасы нығайды. «Жаңатірлік», «Ынталы» колхоздарының, «Қызыл Октябрь» колхозының ірге тасын қалаған бұрынғы «Қызыл жұлдыз», «Ұмтыл», «Кеңес» серіктестігінің, «Қызылотау», «Қызылту» колхоздарының жерлері Қызылтал советіне енді.

1930-1936 жылдардың арасында серіктестік болған «Кеңес» 1937 жылдары «Амангелді» атындағы колхозбен біріккен. Осы күнгі «Талдыөзек» совхозының аумағындағы 1935-1936 жылдары бұрынғы майда серіктіктерден қайта ұйымдастырылып, «Алға тарт», «Жаңа талап», «Алға», «Ерназар» және Карл Маркс атындағы колхоздары болып қайта ұйымдастырылды.

1937 жылдың аяғында Гуляевка селосына қиыр шығыстан қоныс аударған кәрістер көшіп келе бастады. Сарқырама ауыл советінің территориясында оларды түпкілікті тұрақтандыру және колхозға біріктіру ісі қолға алынды. 225 жаны бар 56 үй кәрістерге бұрынғы «Маяк» серіктігінің жері берілді. 1938 жылы қаңтарда құрылған бұл серіктік «Маяк» болып аталды.

Қазіргі «Құмөзек» кеңшарының аумағын ертерек мекендеген №19 ауыл 1936 жылдары бірнеше артельдерге біріктірілді. «Қызыл қоян», «Қызылту», «Қоқи», «Алға тарт» колхоздары ұйымдастырылып, бұлар алғашқыда Қызыл арна, кейіннен Қоқи ауыл Советіне қарады.

1928-1930 жылдары қазіргі «Қарабөгет» совхозының территориясында бұрынғы №20 ауылда құрылып 1932 жылы тарап кеткен серіктіктер 1933 жылы қайта бірігіп, «Қызыл қоян» артелін құрды. Кейін бұлар ірілендірген «Қоқи» артелінің және 1940 жылы құрылған Жамбыл атындағы колхоздың негізін қалады. 1934-1935 жылдары Қызыл қоян артелінде 50-ге тарта үй болды.

1939 жылы Қоқи колхозында ертеректе тұқымдыққа берілген жеке қожалыққа мал жинап алынып, ферма ұйымдастырылды. Қазіргі Жамбыл атындағы совхоздың терістік-батысында,орталықтан 19-20 шақырым жерінде «Молдияр» тоғанының басына алғашқыдан 15-16 үй Қызыл қояндықтар, артынша басқалары да көшіп келіп басы құралған 60-шақты үйдің адамдары тоғанды қазып су шығарды. Сөйтіп 1940 жылы көктемде осы жерде Жамбыл атындағы колхоз құрылды. Кейбір деректерге қарағанда 67 үй «Құмнан» көшіп келіп, 1934-1935 жылдары қазіргі «Қарабөгет» совхозының маңында «Ынталы» деп аталатын серіктік құрылған.

1931 жылы Бурыл байтал балық зауытына балық өткізетін «Балық одағы мекемесі» ашылған. 1934 жылы Мыңарал балық консерві зауытын салуын қажет етті. Алайда 1935 жылы Мыңаралда балық консерві зауыты салынбай, балық қабылдау пункті ұйымдастырылды. Мыңарал пунктіне таяу «Достижение», «Пасет», «Новый путь» артельдері 1940 жылы тек балық аулаумен айналысатын шаруашылықтар болып қайта құрылды. 1939 жылы қараша айында Жамбыл облысында 10 аудан құрылды. Соның бірі қазіргі Мойынқұм ауданының барлық дерлік аумағын қамтыған Көктерек ауданы еді. Бұл аудан Шу ауданынан бөлініп шықты.

 

Аудан еңбеккерлері халық шаруашылығын қалпына келтіру,

 

1946-1953 жылдары

 

 

Төрт жылға созылған сұрапыл соғыс халық  шаруашылығына орасын зиян келтірді. Соғыс зардабын жою үшін бүкіл совет халқы сияқты Көктерек ауданының еңбеккерлерің де өндірістік майданға шықты. Қоғамдық мал басын арттыру, егістік жер көлемін көбейту сияқты күрделі істер атқарыла бастады. Фурмановка селосындағы үш колхоздың бірі Чапаев атындағы колхозда 1946-1951 жылдары  И.В.Похаленко, 1951-1953 жылдары арасында Федор Радай колхоз басқармасының председателі болып істеді. Бұл уақыт ішінде колхоз шаруашылығы соғыс қарсаңындағы экономикалық дәрежесіне жетіп одан да асып кетті. Осы селодағы «Семейсозақ» және «Фрунзе» атындағы колхоздардың өндірістік табысы аз болған жоқ. «Бірлік» колхозында да осындай өрлеу туғызуда көптеген жұмыстар атқарылды.

«Айдарлы», «Амангелді» атындағы т.б. колхоздардың қайсысы болмасын 1946 жылдан бастап бесжылдықтың жоспарларын орындауға атсалысып, көптеген игілікті істер жүргізілді.

1896 жылы қазіргі Жамбыл атындағы совхоздың территориясында Жазылбек Қуанышбаев 1930 жылдан бастап алғашқы құрылған «Кеңес» мал серіктерінде, 1956 жылы «Көктерек», кейіннен «Айдарлы» совхозында үнемі шопан болып істеді. 1936 жылы Ж.Қуанышбаевты «Кеңес» колхозы қатарындағы малшы ретінде Алматыда алғашқы рет ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне жіберді. Осы сапардан оралысымен аға шопан мал тұқымын асылдандыру ісімен шындап айналысы бастады. Ж.Қуанышбаевтың жергілікті қылшықты жүнді қоймен будандастыру (шағылыстыру) ісі жүргізілді. Бірақ 1941 жылға соғыс бұл істі жүргізуге мүмкіндік берген жоқ. Бұл отардағы әр жүз саулықтан Ж.Қуанышбаев 1947 жылы 130-дан қозы алды. Оның осы еңбегін үкімет пен партия зор бағалап, Ж.Қуанышбаевқа 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын берді.

Даңқты шопан селекционерлік ісін одан әрі жүргізе берді, қаракөл елтірісінің сапасын арттыруда жақсы нәтиже берді. Оның отарынан алынған қаракөл елтірілері халықаралық көрмелерге қойылып, Дели, Бухарест, Познань және Нью-Йорк қалаларындағы жәрмеңкелер мен аукциондарда жоғары бағаланды. 1958 жылы тәжірибелі аға шопан Ж.Қуанышбаев әр 100 саулықтан 145-тен қозы алып, әр қойдан 3,3 кг жүн қырықты. СССР  Жоғары Советі  Президиумы 1958 жылға 29 марттағы Қаулысымен Ж.Қуанышбаевты екінші рет «Орақ пен балға», Алтын Жұлдыз орденімен марапатталды. Социалистік Еңбек Ерінің еңбек еткен жерінде Бірлік селосында 1960 жылы шілдеде қола бюсті орнатылды.

 

 

 

 

ХОРОНИМДЕР

 

 

Ақбақай кенттік аймақ әкімшілігі

Орталығы– Ақбақай кенті. Халық саны-1478 адам. Мойынқұм ауылынан солтүстікке қарай 270 шақырым жерде, Желтаудың оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Қияқты теміржол станциясы 137 шақырым жерде орналасқан.

 

 

 

Ақсүйек кенттік аймақ әкімшілігі

Орталығы-Ақсүйек кенті. Халық саны-1416 адам. Мойынқұм ауылынан шығысқа қарай 220 шақырым жерде Ақсүйек өзені бойында орналасқан. Іргесі 1959 жылы уран кен орнын игеруге байланысты қаланған. Бурыл байтал теміржол станциясы-65 шақырым жерде орналасқан. Кентте орта мектеп, клуб, кітапхана, бала-бақша, фельдшерлік-акушерлік пункт т.б. мекемелер бар.

 

 

 

Биназар ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы– Биназар. Халық саны-1340 адам. Мойынқұм ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 63 шақырым жерде орналасқан. 1957-1997 жылдар аралығында қаракөл қойын өсіретін «Көктерек» кеңшары ретінде қаланған. Оның негізінде Бірлікте шаруа қожалықтары мен бірнеше –өндірістік кооператив жұмыс істеген. Орта мектеп, саз мектебі, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория т.б. мекемелері бар. Бірлік ауылдық  округінен Тараз-Қарағанды автомобиль жолы өтеді.

 

 

 

 

Бірлік ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы-Бірлік. Халық саны-3154 адам. Мойынқұм ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 55 шақырым жерде орналасқан. 1957-1997 жылдар аралығында қаракөл қойын өсіретін «Коминтерн» кеңшары ретінде қаланған. Биназарда шаруа қожалықтары мен бірнеше өндірістік кооператив жұмыс істеген. Орта мектеп, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория т.б. мекемелері бар. Биназар ауылдық округінен Тараз-Қарағанды автомобиль жолы өтеді.

 

 

Жамбыл ауылдық аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Жамбыл ауылы. Халық саны-1152 адам. Шу өзенінің оң жағалауында орналасқан. Іргесі 1957 жылдан Жамбыл атындағы қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы ретінде қаланған. Оның негізінде Жамбыл кеңшарында шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт т.б. мекемелер бар.

 

 

Кеңес ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы-Кеңес ауылы. Халық саны-1984 адам. Мойынқұм ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 77 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1961 жылы «Айдарлы» қаракөл қойын өсіретін кеңшар ретінде қаланған. Оның негізінде Кеңес ауылдық округінде «Айдарлы» өндірістік кооперативі және бірнеше шаруа қожалықтары құрылған. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

 

 

Қарабөгет  ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы-Қарабөгет. Халық саны-1541 адам. Мойынқұм ауылынан батысқа қарай 77 шақырым жерде орналасқан. 1955-1997 жылдары Қарабөгет қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы болған. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

 

 

Қызылтал ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы-Қызылту. Халық саны-846 адам. Мойынқұм ауылынан шығысқа қарай 32 шақырым жерде орналасқан. 1957-1997 жылдары Амангелді-1 атындағы қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы болған. 1996 жылға дейін ауыл Амангелді-1 совхозы деп аталған. Кеңшар негізінде Қызылтуда 1997 жылдан шаруа қожалықтары құрылған. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

 

 

Қызылотау ауылдық  аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Қызылотау. Халық саны-574 адам. Мойынқұм ауылынан шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. 1965-1997 жылдары Амангелді-2 атындағы қаракөл қойын өсіретін кеңшардың орталығы болған. 2004 жылға дейін ауыл Амангелді-2 совхозы  деп аталған. Кеңшар негізінде Қызылтуда. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

 

 

Қылышбай ауылдық  аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Қылышбай ауылы. Халық саны-967 адам. Мойынқұм ауылынан батысқа қарай 18 шақырым жерде  Шу өзенінің төменгі тарамдары жағалауында орналасқан. 1997 жылға дейін Карл Маркс ауылы деп аталып келген. 1969-1997 жылдар аралығында қаракөл қойын өсіретін Талдыөзек кеңшарының орталығы болып келген. Оның негізіндн Қылышбайда 1997 жылдан 30-дан астам шаруа қожалықтары құрылған. Ауылда орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт бар.

 

 

Мирный кенттік аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Мирный кенті. Халық саны-825 адам. Аудан орталығы Мойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 142 шақырым жерде, Қарасай өзенінің салалары аралығында орналасқан. Кеңес үкіметі кезінде мұнда уран кені өндіріліп келген құпия қала болған. Мирныйда №21 геологиялық-барлау экспедициясы орналасқан. Кентте орта мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, отбасылық  дәрігерлік-амбулатория бар.

 

 

Мойынқұм ауылдық аймақ әкімшілігі

Орталығы- Мойынқұм ауылы. Халық саны-7954 адам. Тараз қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 375 шақырым жерде, Шу өзенінің сол жағалауындағы бозжусан, баялыш, күйреуік т.б. шөл өсімдіктері өскен құмдақты, шалғынды-сұр топырақты шөлді белдемде орналасқан. 1997 жылға дейін Фурмановка селосы болған. 1957-1997 жылдары қаракөл қойын өсіретін Фурманов кеңшарының орталығы болып келген. Оның негізінде 1997 жылдан «Мойынқұм өндірістік кооперативі» және 23 шағын кәсіпорын, жүзден астам шаруа қожалықтары ұйымдастырылған. Ауылда 5 орта мектеп, спорт мектебі, бала-бақша мәдениет үйі, балалар мен жасөспірімдер орталығы, музей, 2 кітапхана, аудандық  аурухана, аудандық туберкулезге қарсы аурухана, оқу-ағарту, мәдени және денсаулық сақтау мекемелері бар.

 

 

Мыңарал кенттік аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Мыңарал кенті. Халық саны-1474 адам. Мойынқұм ауылынан солтүстік-батысқа қарай 245 шақырым жерде, Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Кентте балық аулаумен айналысатын кәсіпорын бар. Кенттен 10 шақырым батыста Мыңарал теміржол станциясы орналасқан. Орта мектеп, кітапхана, фельдшерлік пункт бар.

 

 

 

Ұланбел ауылдық аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Ұланбел. Халық саны-1414 адам. Мойынқұм ауылынан батысқа қарай 175 шақырым жерде Шу өзенінің төменгі сол жағалаулық аңғарында орналасқан. 1950-1997 жылдары асыл тұқымды қаракөл қойын өсіретін Шу кеңшарының орталығы болып келген. Оның негізінде 1997 жылдан шаруа қожалықтары құрылған. Ауылда орта мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, отбасылық-дәрігерлік амбулатория т.б. мекеме бар.

 

 

Хантау кенттік аймақ  әкімшілігі

Орталығы-Хантау кенті. Халық саны-980 адам. Мойынқұм ауылынан шығысқа қарай 90 шақырым жерде, Хантау тауының оңтүстік-шығысында орналасқан. Іргесі 1951 жылы қаланған. Хантау кентінде мемлекеттік  маңызы бар кен басқармасы орналасқан. Орта мектеп, клуб, кітапхана, фельдшерлік-акушерлік пункт т.б. мекемелер бар.

 

 

Шығанақ кенттік аймақ әкімшілігі

Орталығы-Шығанақ кенті. Халық саны-2423 адам. Мойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 195 шақырым жерде, Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағалауында орналасқан. Іргесі  1954 жылы қаланған. Кентте балық аулаумен айналысатын бірнеше шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Орта мектеп, клуб, кітапхана, отбасылық-дәрігерлік амбулатория т.б. мекемелері бар.

 

 

ОЙКОНИМДЕР

 

            Ақбақай кенті– сәйгүліктің атымен аталған осы аттас кенттік округ орталығы атақты алтын кен орны.

            Ақсүйек кенті-(түз жануары өлген құландардың сүйектері аппақ болып жатқандықтан қойылған атау) осы аттас кенттік округ орталығы.

Биназар ауылы– батыр бабаның атымен аталған ауыл, осы аттас ауылдық округ орталығы.

            Бірлік ауылы– «бірлесіп еңбек ету» сөзінен шыққан атау  «Бірлікте, ынтымақтастықта болайық» және халықтың «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген мәтеліне сай мағынаны білдіреді, ауылдық округ орталығы.

            Бурылбайтал– «бұл жерде бурыл байталға байланысты оқиға болғанын» білдірумен байланысты аталған. Шығанақ кенттік округындағы елді мекен. Ауыл орталығынан 35 шақырым жерде шығыс жағында орналасқан елді мекен. Теміржол станциясы Шығанақ  кенттік округі құрамында. Мойынқұм ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 112 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1950 жылы Мойынты-Шу теміржол салу кезінде қаланған. Станцияда орталау мектеп, фельдшерлік пункт бар. Тұрғыны 175 адам.

Жамбыл ауылы-атақты жыр Гомері  Жамбыл баба атымен аталған ауыл, ауылдық  округ орталығы.

             Кіші Қамқалы ауылы-Ұланбел ауылдық округке қарасты ауыл-жері шұрайлы, «қамқа» сияқты құлпырып жатқандықтан қойылған («Қамқалы келіннің атымен қойылған»-деген екінші нұсқасы бар) атау.

             Кеңес ауылы-Кеңестік кезеңнен қалған атау, ауылдық округ орталығы.

Қарабөгет ауылы-ауыл маңындағы судың алдын бөгеген топырақтың түсіне байланысты қойылған атау, ауылдық округ орталығы.

Қылышбай ауылы– Қылышбай ақын-бұрынғы К.Маркс селосы өзгертіліп, ауыл тұрғындарының ұсынысына орай Қылышбай ақынды есте қалдыру мақсатында қойылған атау.

             Қызылотау ауылы– бұрынғы Амангелді ауылы тұрғындарының ұсынысына орай Қызылотау ауылы болып өзгертілген.

Қызылту ауылы-Кеңестік кезеңнен қалған атау, Қызылтал ауылдық округінің  орталығы.

Қашқантеңіз-мағынасы: «суы азайған, тартылған көл». Ал Қашқантеңіз аулының тұрғындары Балқаш көлінің суы азайып, жағадан алыстап, судың бір бөлігінің бөлініп кеткендігінен бұл жер осылай деп аталған. Мыңарал кенттік округындағы елді мекен.

Ауыл орталығынан 12 шақырым жерде шығыс жағында орналасқан елді мекен. Іргесі 1999 жылы Мойынты-Шу темір жол желісінің салынуына байланысты қаланған. Мектеп, фельдшерлік пункт бар. Тұрғыны 170 адам.

Құмөзек– атаудың мағынасы «өзектің жағалауы, не болмаса табаны майда құм, қайраң» болып келгендіктен аталса керек. Қарабөгет ауылдық  округындағы елді мекен. Ауыл орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан. Мектеп, фелдьшерлік пункт, клуб, пошта байланысы бар. Тұрғыны 727 адам.

             Қияқты стансасы-мағынасы: «сабағы үш қырлы, жапырағы таспа пішінді көп жылдық шөптесін өсімдіктің» бұл маңда көп өсетінін білдіреді.

Мойынқұм ауылы– бұрынғы Фурмановка селосы өзгертіліп, ауыл тұрғындарының ұсынысына орай Мойынқұм ауылы аталған. Мойынқұм аумағы солтүстік Бетпақдалада, Сексеуілдала сияқты құмдармен, ал оңтүстіктегі толып жатқан өзендермен өрнектелген жазиралы дала, одан әрі Алатаудың арасында мойынға ұқсас, созылып жатыр.

             Мирный кенті-кен өндіру мақсатында көп қоныстанған өзге ұлт өкілдерінен тұратын Кеңес кезінде аталған елді мекен.

Мыңарал кенті-Балқаш көлінің маңында аралдар көп болғандықтан қойылған.

Назарбеков-Қызылтал ауылдық округындағы елді мекен. Ауыл орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан. Мектеп, фелдьшерлік пункт, клуб, пошта байланысы бар. Тұрғыны 425 адам.

              Сарыөзек– «өзектің топырағы, немесе құмы сары болып жатқандықтан» қойылған атау. Қарабөгет ауылдық округындағы елді мекен. Ауыл орталығынан 17 шақырым жерде орналасқан. Мектеп, клуб, пошта байланысы бар. Тұрғыны 357 адам.

Ұланбел ауылы –«моңғолдың Қызыл бел» мәнінде қойылған атау. Тастары қызыл болып келеді, ауылдық округ орталығы.

Шығанақ кенті-мағынасы: «судың жерге еніп, үш жағын жер қоршап, сиыр емшектеніп еніп тұрған жерін «шығанақ» деп атайды.

Хантау кенті– «Хан  тау» мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық  Жәнібек пен Керей сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған.

Хан тауының басы шынында да қозының басына ұқсайды.  Хан тауының үш биігі бар, ең биік шоқысы- Сұңқар, екіншісі- Көкшоқы, үшіншісі- Қызылшоқы. Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының тұмсығына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды. «Хан  тауының» далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені»-деген атаулар бар.

              Хантау  стансасы– атауы-Хантау кентіндегіге ұқсас атау.

 

 

 

ГИДРОНИМДЕР

 

 

Ақсүйек кенттік аймағы

Ақсүйек– өзен Ұзындығы 70 шақырым, су жиналатын алабының аумағы 621 км.кв. Шу-Іле су айрығындағы Айтау жотасынан басталып, Қошқарбай сорына жетпей сіңіп кетеді.

Қарасай– Мойынқұм ауданының өзен, Іле алабында. Ұзындығы 80 шақырым, су жиналатын алабы 1960 кв.км. Майжарылған тауының солтүстік-шығыс беткейінен басталып, Балқаш көліне 7-8 шақырым жетпей тартылып қалады.

 

 

Бірлік ауылдық аймағы

Шығысында Шу өзенінің аңғарымен шектеседі. Мал жайылымына қолайлы жер.

 

 

Мыңарал кенттік аймағы.

Балқаш-Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейін 3-ші орында. Алматы, Жамбыл (Мойынқұм ауданы), Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м. биіктікте жатыр. Суының көлемі шамамен 100-110 км.куб. Су жиналатын алабы 600 мың кв.км-ге жуық. Басты айлақтары: Балқаш, Бурылбайтал, Бөрлітөбе. Көл суы жағалауындағы өнеркәсіп орындары (Балқаш кен металлургия комбинаты т.б.) мен елді мекендер қажетіне пайдаланады. Жылы мезгілде су көлігі қатынайды.

Қашқантеңіз-Мойынқұм ауданындағы тұйық көл. Балқаш көлінің батыс жағында Қашқантеңіз шығанағымен қосылып жатыр. Ауданы 18,5 км.кв. (Жауын-шашынға байланысты өзгеріп отырады.). Ұзындығы 22,5 шақырым. Ені 4,3 шақырым, тереңдігі 1,4 м.

Солтүстік-шығыстан соққан күшті желдің әсерінен тасқын айдаған Балқаш суы кейде Қашқантеңіз көліне құяды. Суы тұзды. Жағалауы сортаң, батпақты.

 

 

Хантау кенттік аймағы.

 

Сұңқар тауының баурайынан бірнеше өзендер (ұзындығы 15-25 шақырым) бастау алады. Олардың ең ірісі Сарыбұлақ өзені.

Хантаудың беткейлері өзен аңғарларымен, сай-жыралармен қатты тілімделген. Ақсүйек, Үлкен жиделі т.б. өзендер бастау алады.

Шажағай-Шу алабында, Мойынқұм ауданындағы өзен, құрғақ арна. Ұзындығы 129 шақырым, су жиналатын алабы 2110 км.кв. Желтау тауынан басталып, Елшібай тауынан оңтүстікте  3,8 шақырым жерде тартылып қалады. Қар суымен толығады.

 

 

Мойынқұм ауылдық аймағы.

 

Шу– Қазақстан мен Қырғызстан жерінде, облыстың Қордай, Шу, Мойынқұм, Сарысу аудандары жерімен ағып өтетін өзен. Қазақстан аумағындағы ұзындығы 800 шақырым, су жиналатын алабы 62,5 мың км.кв. Теріскей Алатауы мен Қырғыз Алатауындағы мұздықтардан басталатын. Жуанарық, Қошқар өзендерінің қосылуынан қалыптасады. Қорағаты, Меркі, Ақсу т.б. Бетпақдала арқылы ағады. Егіндік пен жайылымды суару және суландыруға Шу өзенінің суының 55% жұмсалады. Өзен бойындағы ірі елді мекендер: Шу, Бірлік, Төле би және Мойынқұм.

Суықадыр-Шу-Іле тауларында, Желтау тауының қиыр солтүстік-батысындағы тау. Беткейлері сай-жыралармен сәл ғана тілімделген. Баурайы мал жайылымына пайдаланылады.

 

 

 

Ұланбел ауылдық аймағы.

 

                Батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, оңтүстігінде Шу өзенінің аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Бетпақдала-көктемгі және күзгі мал жайылымы.

Ақбастау-Бетпақдаланың оңтүстігіндегі оқшау тау беткейінен бастау алған бұлақ. Жыл бойы мал жайылымына пайдаланады.

 

 

Оронимдер және де жер атаулары.

 

 

Ақбақай кенттік аймағы

Ақбақай алтын кені Мойынқұм ауылынан солтүстік шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. 1979 жылдан кейін Ақбақай, арқылы кеніштерінің негізінде комбинатқа айналған. 1994 жылы акционерлік қоғам болып қайта құрылған. Қоспа алтынмен құйма алтынның  доре балқымасын, күміс өндіреді. Өндірілетін алтынның орташа жылдық көлемі 2 тоннаға жуық. Ақбақай кен байыту комбинатының өнімдері  ҚР мемлекеттік сақтау мекемесіне тапсырылды.

Байқара-Шу-Іле тауларының қиыр солтүстік-батысындағы тау, Мойынқұм ауданында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 665 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым созылып жатыр, ені 6 шақырым. Көлбеу келген беткейі онша  тілімденбеген, етегінде ысырынды малтатастар көп.

Андасай қорықшасы-Мойынқұм ауданының солтүстік бөлігінде, Бетпақдаланың оңтүстігінде орналасқан. Мойынқұм, Бетпақдала шөлдеріндегі Шу-Іле шөлейтіндегі арқар, таутеке, жабайы шошқа, ақбөкен, қарақұйрық, дуадақ, безгелдек, қырғауыл т.б. пайдалы аңдар мен құстарды және ойпаң дала көлдеріндегі балықтарды қорғау, көбейту мақсатымен 1966 жылы құрылған. Аумағы 1 млн. га. Қорықтада балық  пен бауырымен жорғалаушылардың 10-нан, құстардың 200-ден, сүтқоректілердің 40-тан астам түрлері (кірпікшешен, қоян, сарышұнақ, борсық, қасқыр, түлкі, елік т.б.) тіршілік етеді. Андасай – Оңтүстік Қазақстандағы ақбөкендердің қыстап шығатын қонысы болып есептеледі. Ондағы бірқатар аң-құстар (қарақұйрық, шұбар, күзен, қалбағай,арқар, аққу т.б.) мен өсімдіктер (Альберт жауқазыны, Бетпақдала сылдыршөбі) Қазақстанның «Қызыл  кітабына» енгізілген. Қорықша аумағында аң-құстарды аулауға тиым салынған.

Суықадыр-Шу-Іле тауларында, Желтау тауының қиыр солтүстік-батысындағы тау. Мойынқұм ауданының шығысында орналасқан. Абсолюттік биіктігі 599 м. Негізінен төменгі палеозойдың тақтатасы мен магналық жыныстардан түзілген. Беткейлері сай- жыралармен сәл ғана тілімделген.  Баурайы мал жайылымына  пайдаланылады.

 

 

 

Ақсүйек  кенттік аймағы

Айтау  жотасы жатыр.

     Қошқарбай соры бар.

Майжарылған тауы орналасқан.

 

 

Бірлік ауылдық аймағы

Сексеуілдідала – Бетпақдаланың оңтүстік-шығыс бөлігі. Мойынқұм ауданында оңтүстік- шығыстан (Бірлік ауылы маңынан) солтүстік –батысқа (Керегетас жолына дейін) қарай 110-120 шақырымға созылып жатыр, ені 20-30 шақырым.

Жамбыл,  Шоғырлы,  Майжарылған, Хантау-Шу- Іле тауларының сілемдері бар.

 

 

Жамбыл  ауылдық  аймағы

Жамбыл – Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігіндегі тау. Мойынқұм ауданының  жерінде орналасқан. Абсолюттік биіктігі 972 м. Солтүстік-батыстан  оңтүстік-шығысқа қарай 40-45 шақырымға  созылған, ені 10-15 шақырым. Таудың жоғарғы жартасты бөлігінің түпкі жыныстары ашық жатыр, беткейлерінің барлығы дерлік тік құлама келген.

Қозыбасы, Қозыбашы-тарихи дерек көздеріндегі Қазақ  мемлекеті құрылған аумақ. Этимологиялық  мағынасы қозының басындай ғана тау-төбелі жерлерді білдіреді. Жетісу өңірінде бірнеше Қозыбасы бар. Іле Алатауының солтүстік-батысында Қозыбасы аталатын жота бар. Мұхаммед Хайдар Дулатидың  «Тарихи Рашиди» кітабында  Қазақ  хандығының құрылған жері –Шу бойы мен Қозыбасыда деп айтылады. Қозыбасы аталатын шоқы Жамбыл ақын «Сұраншы батыр» дастанында жырлағандай Қордай асуында, Мойынқұм ауданындағы Хантау іргесінде және Іле Алатауының солтүстік –батысындағы Қозыбасы деген шоқыда кездеседі. «Манас» эпосында айтылғандай Шу өзенінің бас жағында да (Қырғызстан жерінде) бар. Төрт Қозыбасы да Шу атырабымен іргелес жатыр. Шу бойы мен Қозыбасы тауы- географиялық  тұрғыдан алғанда 14-15 ғасырдың басында өмір сүрген. Монғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір.

 

 

Мыңарал кенттік аймағы

Басты айлақтары: Балқаш, Бурылбайтал, Бөрлітөбе. Көл суы жағалауындағы өнеркәсіп орындары (Балқаш кен металлургия комбинаты т.б.) мен елді мекендер қажетіне пайдаланады.

Қашқантеңіз– Балқаштың батысындағы шығанақ. Мойынқұм ауданының құрамына кіреді. Шығанақ құрылыққа 14 шақырым сұғына еніп жатыр. Ені 9,5 шақырым. Ауданы 71 км, тереңдігі 5 м-ге жетеді. Бірнеше ұсақ аралдары бар. Тік жарлы жағасы девон және карбонның тақтатас, мергель, конгломерат, құмтас жыныстарынан түзілген. Жағалауында шағылды жусан өседі. Шығанақтан 7-9 шақырым батысында Қашқантеңіз көлі жатыр.

 

 

Ұланбел ауылдық аймағы

Бетпақдала-Қазақстанның орталық бөлігіндегі үлкен аймақты алып жатқан шөлді өңір. Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағында орналасқан. Батысында Сарысу өзенінің төменгі ағысымен, шығысында Балқаш көлімен, Оңтүстігінде Шу өзенінің аңғарымен, солтүстігінде Сарыарқамен шектеседі. Бетпақдала- көктемгі және күзгі мал жайылымы. Сарыарқаның оңтүстігі мен батыс фаунасын сақтау мақсатында Андасай және Берқара (Берік қара) қорықшалары ұйымдастырылған.

Ақбастау– Бетпақдаланың оңтүстігіндегі оқшау тау. Мойынқұм ауданының жерінде орналасқан. Абсолюттік биіктігі  491 м. Тау солтүстіктен-оңтүстікке қарай доғаша созылып жатыр. Ұзындығы 8, енді жері 3-3,5 шақырым. Жыл бойы мал жайылымына пайдаланады.

Сарыой – бетпақдаланың оңтүстік-шығысында Мойынқұм ауданының орта тұсында орналасқан үстірт. Теңіз деңгейінен  235-255 биіктікте жатыр. Оңтүстігінде Оба тауы 286 м. биіктікте орналасқан. Үстірт қысқы мал жайылымы саналады.

 

 

Хантау кенттік аймағы.

Сұңқар-Хантау тауының ең биік жері. Мойынқұм ауданының оңтүстік-шығысында орналасқан. Абсолюттік биіктігі-105 м. су, жел т.б. табиғат әсерінен мүжілген аласа тау.

Хантау-Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс сілемі. Мойынқұм, Шу аудандары жерінде орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 40-45 шақырымға созылған, ендік жері 10 шақырымдай. Салыстырмалы орташа биіктігі 600-650 м. Абсолюттік биіктік-1052 м. (Сұңқар тауы). Девон және силурдың құмтас және тақтатасынан түзілген, кейде гранит интрузиялары кездеседі.

Желтау тауы кент аумағында, Елшібай таулары созылып жатыр.

Шоғырлы-Шу-Іле тауларының қиыр солтүстік-батысындағы үстіртті массив. Мойынқұм ауданы жерінде орналасқан. Үстірт солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 27-32 шақырымға созылып жатыр, енді жері 10-12 шақырым. Теңіз деңгейінен 450-570 м. биіктікте жатыр.

 

 

Шығанақ кенттік аймағы

 

Аққұм-Балқаш көлінің оңтүстігіндегі құмды түбек. Мойынқұм ауданында орналасқан. Көлге оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай сұғына еніп жатыр. Ауданы 23 км  кв, ұзындығы 9, ені 2-4 шақырым. Аққұм- қысқы мал жайылымы.

 

Соңғы жаңалықтар

Телефон қабылдау

8 (00000) 0 00 00