МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ҚЫЗ

МЕКТЕП МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ҚЫЗ

Фариза Шалтай Мойынқұм ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектебінің түлегі. Ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ сабақты жақсы оқумен бірге, түрлі спорттық іс-шараларға үнемі қатысатын. Мен мұны мектепте қызмет еткен жылдары талай көретінмін. Қолы бос кезінде спорт залдан шықпай бокспен шұғылданып, жаттығып жүрді. Оның алғашқы боксқа деген қабілетін байқаған облыс, республикалық жарыстардың жүлдегері болған, белгілі бокс жаттықтырушысы, жерлесіміз Бақыт Алпысбаев еді. Фаризаның болашағынан зор үміт күткен ұстазы оған дұрыс бағыт –бағдар беріп отырды. Соның нәтижесінде Фариза 9 сыныпты аяқтаған соң, Алматы қаласындағы Республикалық спорт мектебіне қабылданды. Егер бала жастайынан спортқа берілсе, дене шынықтырумен шындап кіріссе, ол ісі өзіне қуаныш сыйласа, онда ол баланың көздеген мақсатына жетуіне жол ашылатыны анық. «Еңбек адамның бағын ашады, спорт адамның әрін ашады»,-дегендей Фариза қажырлы да, қайсарлы еңбектің арқасында көптеген жарыстарға қатысып, түрлі жүлделерге ие болды. Атап айтар болсақ, 2018 жылы қыздар арасындағы бокстан «Қазақстан Республикасының чемпионы», Сербия мемлекетінде өткен «Ұлттар кубогі» халықаралық турнирінің екі мәрте жеңімпазы, Польша мемлекетінде өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Міне осындай үлкен чемпионаттарда Фариза өзін жақсы қырынан танытты. Ол шаршы алаңда қарсыласын қуып жүріп, «сабады». Нәтижесінде «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болып, көптеген марапаттарға қол жеткізді. Міне осылайша ол алдымен мектебіміздің, содан соң ауданымыздың мақтанышына айналып отыр.
Бойындағы телегей теңіздей күшті бокспен шұғылданып шыңдаса, жан дүниесін поэзияға деген сүйіспеншілік билеген. Жастайынан ерекше шабыттың арқасында түрлі тақырыптарда өлең жазды. Бір-бірімен мүлдем үйлеспейтін спорт пен ақындық өнерді қатар алып жүргені бізді қуантады. Дегенмен, Фаризаның поэзия жанрына деген қызығушылығы, әдебиет әлеміне деген ерекше көзқарасы оны шабыттандыра түсетіні анық. Жаттығулардан қолы бос кезде қағаз бен қаламды жанына серік етіп келеді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев «.. Ойыма келгенді ақ қағазға жаза берейін, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын..» -дегендей Фариза да алдына осындай мақсат қойып, поэзияға ерекше көңіл бөлуде.
Жақын арада Фаризаның «Ақын жүрек» атты кітабы жарыққа шыққалы жатыр. Бұл жыр-жинаққа әр түрлі тақырыптағы өлеңдері енген. Фаризаның өмірге деген көзқарасы философиялық тұрғыдан терең ойлы қыз екенін білдіреді. «Тіл-жүректің тілмашы» дегендей Фаризаның әр өлеңінде терең сыр жатыр. Ақын қыздың жүрегі тазалыққа құштар, өзгелердің де бойынан тазалық іздейді, шығармаларынан бүгінгі уақыт шындығы көрініс береді. Оның асқақ рухпен шыққан жаңа жырлары оқырман көңілінен шығатыны анық.

Последние новости

Телефон приемной

8 (00000) 0 00 00