ТАРЫ ЖИНАЛА БАСТАДЫ

7 Октябрь 2019

ТАРЫ ЖИНАЛА БАСТАДЫ

Халық даналығында “Бидайдан бір тамғанда, тарыдан екі тамады”, “Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп тары дақылының маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Сонымен қатар тарыны «жауынгер дақыл» деп те атаған. Жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы көп дақылды біздің ауданнын Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков ауылдарының диқандары өсірумен айналысады. Бұл ауылдарда негізінен «қызыл тары» деп аталатын түрі  өсіріледі.

Тарыны дайындаудың өзі бір басқа болса, оның жинау жұмыстары да  оңай емес. Жақында жинау жұыстарын көзбен көріп қайтқан едік.

Алдымен Күшаман ауылындағы  «Көркем» шаруа қожалығының тарысына орақ салып жатқанын көрдік.

— Осыдан  2-3 жыл бұрын шаруаға қолайсыз  жыл болып, тарыдан ойдағыдай  өнім ала алмадық. Себебі ағын су тапшы болды. Қазір жағдай түзелді, ауданға жаңа басшы болып Мәден Мұсаев келгелі, қазылмаған каналдар қазылып, сүдігер көтерліп,  шаруашылыққа барлық жағдай жасалды. Биыл суармалы әдіспен 4 га. жердің 2,5 га. жоңышқа 1,5га. тары ектік. Өсімі жаман емес, міне орақ салып отырмыз. Өнім жақсы шығады деген ойдамыз,-дейді Нұрлан Бұзаубаев.

Сонымен қатар тарының дәнін қырманға түсіріп жатқан Марал Томанов ағаменде тілдесуге тура келді.

-«Дала жауынгері» аталған тары дақылын қырманға әкеліп, дәнін түсіріп жатырмыз. Биыл шаруашылыққа қолайлы жыл болды, су бар, арықтар, каналдар тазаланған, бәрі жақсы. Менде 4 гектар жерге тары егіп, мол өнім аламын деп отырмын. Келер жылы егістік алқабымды кеңейтсем деген ойым бар, — дейді Марал аға.

Сондай-ақ «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Шынжарбеков 11 га. сурамалы жерін тиімді пайдаланып, оған жүгері, жоңышқа, тары, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егіпті. Мұнымен қоймай 4 га. жерге ауылдағы 3-4 жігітпен бірігіп, тары дақылын өсіріп, мол өнімге кенелгелі отыр.

Аудан бойынша былтыр 3125 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімі егілсе, биыл 5074 гектар жерге жаздық  арпа, дәндік жүгері, тары, күнбағыс, картоп, көкөніс және бақша дақылдары, көп жылдық жоңышқалар  егілген. Ал Күшаман ауылының өзінде 129 гектар жерге жүгері, 72 гектар жерге тары егілгені көңілге қуаныш ұялатады.

Ал бұл  дегеніңіз ауылдағы бос жүрген бірнеше адамға жұмыс болғанын да айта кеткен жөн.

Тары дақылының құндылығын айтар болсақ,  тары сабанын жеген сауын сиырдың сүтінің құнарлылығы артады, дәнінен спирт жасалса, сабағынан қағаз шығаруға болады. Ал медицинада да емдік қасиеті бары дәлелденген.
Демек, пайдалы дақылдың еңбегінің ауырлығына қарамастан өсірумен айналысып отырған шаруаларға, қырмандарыңыз  дәнге толсын демекпіз.

Последние новости

Телефон приемной

8 (00000) 0 00 00