ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

15 Август 2019

ЖОЛ ЖӨНДЕЛУДЕ

жол

Мойынқұм-Ұланбел тас жолының осыдан 5-6 жыл бұрынғы қиыншылығын бұл жолмен жүргендер әлі ұмыта қоймағанда болар. Ойдым-ойдым шұңқыр жолдар жолаушыларды титықтатып біткен еді. Осы екі аралықты 5-6 сағат жүріп, келгесін автомашиналарын қайта жөндетіп жатқандарды да көргенбіз. Енді міне кейінгі 3-4 жылда бұл жол кезең-кезеңімен жөнделуде. Алдымен Құмөзек-Мойынқұм аралығы жөнделсе, содан соң Құмөзек-Сарыөзек аралығы жөндеуден өтті. Одан кейінде Ұланбел ауылына қарай жол жөндеу жұмыстары жалғасын тауып, елді қуантқан болатын.
Ал өткен жылы «Қаратау жолдары» (басшысы Ғаби Жолдасов) мен «Жамбыл жол» (басшысы Асылбек Тайпақов) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өздеріне тиісті 30 шақырым жолды жөндей бастаған. Олар былтыр біршама жұмыстар атқарса, биыл қалған жолдарын жөндеуде.
-Біз өткен жылы 10 шақырымды жөндесек, биыл 4 шақырым жолды жөндеп жатырмыз. Осында 30 адам еңбек етуде. Техникаларымыз жеткілікті. 5 «КамАЗ» автокөлігімен Тараз қаласынан асфальт тасудамыз. Тамыз айына дейін жұмысымызды аяқтаймыз,- дейді «Жамбыл жол» ЖШС инженері Еркін Тайпақов.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Манарбек Көшкімбаев, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы осы жолдардың авторы және аудандық мәслихаттың депутаты Нұртас Саурықовтар төселген асфальттың сапасымен танысты. Жолдың ені, асфальттың қалыңдығына да мән берді. Жолдың тақтайдай тегіс екені байқалады. Олар жол жиегін тегістей отырып, ауа райының осындай тиімді уақытын пайдалану керек екендігін ескертті. Алайда біз жолда болған күні күн қатты ыстық болып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұрғанын байқадық.
«Қаратау жолдары» ЖШС былтыр 16 шақырым жолды жөндесе, биыл 4,4 шақырым жолды жөндеуде. Алайда біз жұмыс басында болғанда тек қарауыл Жанболат Шеримовпен ғана тілдесе алдық. Ол жұмысқа байланысты мардымды ештеңе айта алмады. Сонда да болса төселген асфальттің сапасын көрдік.
Аталған жолға тапсырыс беруші сырттан болғанымен бұл жолдың қызметін көретіндер біздің аудан тұрғындары. Сондықтан да жолдың қалай салынып жатқаны, оның сапасын аудан әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі мамандар бір мезет қарап қойса, дұрыс-ақ болар еді. Мұндай жолдардың қайта-қайта жөндеуге беріле бермейтінін де естен шығармаған дұрыс ау.

Последние новости

Телефон приемной

8 (00000) 0 00 00