ЖАҢАРҒАН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

ЖАҢАРҒАН СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Мойынқұм ауданы өнеркәсіп өндірісі мен қатар ауыл шаруашылығын да дамытуға қолайлы аудандардың бірі болып саналады. Өткен 70-ші жылдарда аудан бойынша 12 мың гектар суармалы жер болған. Оның 10 мың гектар жеріне дала аруы атанған жүгері егіліп, бапталғанын ескерсек, сол кездерде небір майталман диқандар шыққаны анық. Ауданның егістік жерлерін ағын сумен «Су жүйесі» басқармасы («УОС»), айналысты. Аудан көлеміндегі тоғандардың бәрі осы аталған басқарманың есебінде болды. Басқарманың өзінің жеке кеңсесі, техникалары болған. Бірақ 2000 жылы мекеме өзін-өзі қаражатпен қамтамасыз ете алмаудың салдарынан банкротқа ұшырап, 2001 жылы теңгеріміндегі тоғандар мен мүліктері аукцион арқылы сатылып кеттi. Бертін келе шаруашылықтар тарап аудан көлемінде тоған суы тапшылығы сезіле бастады. Осы су қиыншылығына қарсы тұра білген Айдарлы, Бірлік А. Назарбеков, Көкжелек, Күшаман елді- мекендері шамаларына қарай егіншіліктен қол үзбей тіршілік жасады. Аудан әкімшілігі жылда суды бөгеп, байлауға көмектесіп отырды. Бірақ Мойынқұм ауданы үшін бөлінген арнайы су нормасы болмады. Ауданға қажетті 30 метр 3 /секунд судың орнына тек «Тасөткел» су қоймасының жер асты ыза суы мен техникалық шығын сулары жалпы көлемі 6-7 метр3 /секунд жиынтықтарымен қорек етіп келді. Ол дегеніңіз тоған суы керекті кезде өз мөлшерінде ауданға жетпей отырды. Осының салдарынан бау-бақша мен көп жылдық шөптер уақытында суарылмай қурап, құнарлы деген суармалы жерлер тозып, жайылымдыққа айналды. Кейбір шаруа қожалықтары егіншіліктен күдерін үзіп, жұмыстарын тоқтатты.
Тоған суын өз мөлшерінде реттемей, суармалы жерді пайдалану мүмкін еместігіне көзі жеткен жаңадан келген аудан әкімі М. Мұсаев пен PMK ЖФ-ң басшысы Қ.Құдайбергенұлының бірлескен бастамалары халыққа, ауыл шаруашылық саласына айтарлықтай септігін тигізгелі отыр. Өйткені, ауданда «Қазсушар» РМК ЖФ-ң Мойынқұм өндірістіқ бөлімшесі ашылды. Алдағы уақытта ұзындығы 187,4 км 12 тоған коммуналдық меншіқтен республикалық меншікке өткізіліп су шаруашылығы нысандарына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарланып отыр. Биылғы жылы 263 шаруа қожалықтары орналасқан тоғандар бойындағы 7873 га суармалы жердің 5000 гектарын игеріп, Тасөткел су коймасынан аудан үшін шамамен 50-60 млн. метр куб су алу жоспарланып отыр. Бұл дегеніңіз аудан су пайдаланушыларының сұранысын қанағаттандырады деген сөз. Ауданға бөлінген суды елді-мекендерге өз мөлшерінде жеткізу үшін тоғанның су өткізу қабілеттілігін арттыру қажет. Осы мақсатта ауданға карасты барлық тоғандар механикалық тазалаудан өткізілуде.
Жаңадан ашылған Мойынқұм өндірістік бөлімшесі биылғы егін науқанында су пайдаланушыларға өз көмегін көрсететін болады. Айта кететін жайт, жоғарыда айтылған каналдар республикалық меншікке қабылданған соң диқандарға су жеткізу ақылы жүргізіледі. Уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен тарифке сәйкес су пайдаланушылар әр текше метр суға 0,209 теңге төлейді. Диқандармен алдын ала келісім -шарт жасалады. Қазіргі уақытта шаруа қожалықғы жетекшілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Последние новости

Телефон приемной

8 (00000) 0 00 00